«Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады

Кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындауға бағытталған Жол картасын жүзеге асыру бойынша жоспарланған шаралар туралы баяндалды. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметі хабарлайды. 

Сондай-ақ Елбасыға жаһандық пандемия салдарынан туындаған дағдарыс жағдайында ұлттық экономиканың тұрақтылығын сақтау үшін атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берілді.

«Үкімет алдында экономиканың 3 пайыздан артық өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр. Бүгінде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы негізгі драйверлер болып саналады. Қызмет көрсету секторы қалпына келе бастады. Кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін іскерлік белсенділікті ынталандыру шаралары үш бағытта жүргізіледі. Ол­ – қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, бизнеске түсетін ауыртпалықты азайту және өткізу нарықтарының қолжетімділігін кеңейту», — деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар кездесу барысында ұлттық экономикаға инвестиция тарту жұмысының маңызы атап өтілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу