Нұрлан Байбазаров: Еліміздегі өнеркәсіптік өндірістің 40%-ы моноқалаларға тиесілі

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында еліміздегі моноқалаларды дамыту мәселесі қаралды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров өз сөзінде моноқалалардың қазіргі ахуалы мен алдағы даму перспективалары туралы баяндады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 1,4 млн тұрғын мекендеген 20 моноқала бар. Моноқалалар еліміздің өнеркәсіптік өндірісіне айтарлықтай үлес қосатынын атап өткен жөн. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес елдің өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 40%-ы осы қалаларға тиесілі.

Қала құраушы кәсіпорындардың болуы және олардың тұрақты жұмысы моноқалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.

«Бүгінгі таңда моноқалаларда мұнай-газ, көмір, боксит, темір кендерін өндіру және басқа да. бағыттарда 23 ірі кәсіпорын жұмыс істейді.2023 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндірістің көлемі 18,5 трлн теңгені құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15%-ға төмендеді. Осы бағыттағы көрсеткіштің ең көп төмендеуі Теміртау, Балқаш және Құлсары қалаларында байқалады. Бұл ретте өнеркәсіптік өндірістің нақты көлем индексінің төмендеуі Степногорск, Балқаш және Қаражал қалаларында», — деді министр.

Оның айтуынша, 2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4,2 трлн теңгені құраған, 2022 жылмен салыстырғанда 6,1%-ға өскен. Көрсеткіштердің Жаңаөзен қаласында 3 есеге жуық, Ақсу қаласында 1,7 есеге өсуі байқалады.

Моноқалаларда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлер субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 92,3 мыңнан 100 мың бірлікке дейін ұлғайды. Сондай-ақ 2023 жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,3%-ды құрады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша моноқалалардың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымының орташа қамтамасыз етілуі Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес 88,8%-ды құрады.

Бұл ретте орта есеппен алғанда су құбыры желілерінің тозуы – 55,8%-ды, кәріз желілерінің – 66,5%-ды, жылу желілерінің тозуы – 54,4%-ды құрайды.

Сондай-ақ әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымын салу мен жөндеуге деген қажеттілік бар.

Экономиканың нақты секторын дамыту және инфрақұрылымдық мәселелерін жүйелі шешу мақсатында Алтай, Балқаш, Жітіқара, Лисаков, Риддер, Степногорск қалаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарлары бекітілді.

Кешенді жоспарларда өнеркәсіп объектілерін, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдық нысандарын салуға 456,6 млрд теңгеге 326 іс-шара көзделген.

2023 жылдың қорытындысы бойынша 37 іс-шара орындалды, 131-інде іске асыру басталды.

Моноқалаларды қаржыландыруға тоқтала кетсек, мүдделі орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың әкімдіктері тарапынан инфрақұрылымды дамытуға жыл сайын тұрақты түрде қаражат бөлініп отырады.

Осылайша, 2019-2023 жылдар аралығында 348,4 млрд теңге бөлінді, оның ішінде республикалық бюджеттен – 184 млрд теңге және жергілікті бюджеттерден 150 млрд теңге бөлінген болатын.

2024 жылы осы мақсаттарға 62,8 млрд теңге жоспарланған, оның ішінде республикалық бюджеттен – 31,2 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 28,4 млрд теңге көзделген.

«Моноқалалардың экономикасын әртараптандыру және экономиканың шикізаттық емес секторларында баламалы өндірістер құру шеңберінде 10 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 1,4 трлн теңгеге 41 жоба іске асырылуда. Аталған жобалар тау-кен-металлургия және химия өнеркәсіптерінде, агроөнеркәсіп кешені, құрылыс индустриясында, сондай-ақ басқа да салаларды қамтиды», — деді Н.Байбазаров.

Жоғарыда көрсетілген жобаларды сапалы іске асыру үшін облыс әкімдіктері тұрақты негізде мониторинг жүргізіліп отырады.

Қазіргі уақытта 41 «зәкірлік» жобаның 29-ы тұрақты түрде жұмыс істеуде: 9 жоба іске асыру сатысында, 3 жоба тоқтап тұр.

Осы жобалар бойынша қазіргі таңда әкімдіктермен жаңа инвесторлар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шеңберінде 2019-2023 жылдар аралығында «Бәйтерек» холдингі жалпы сомасы 260 млрд теңгеге 29 ірі жобаны қаржыландырды.

Бұл қаражат Балқаш қаласындағы күн электр станциясы мен Тұрғысын ГЭС, Екібастұз қаласында ферроқорытпа зауытын, Кентау қаласында жылыжай шаруашылықтары желісін салу бойынша және басқа да жобаларды іске асыруға бағытталған.

«Сондай-ақ соңғы 5 жылда шағын орта бизнесті дамыту шеңберінде моноқалалардың кәсіпкерлеріне 30 млрд теңгеге 3,9 мың шағын несие, 33,5 млрд теңгеге несиелер бойынша кепілдіктер берілді, 122,5 млрд теңгеге 1,4 мың жоба субсидияланды, 428 млн теңгеге 107 грант берілді», — деп мәлімдеді министр.

Моноқалаларды дамытуға инвестиция салатын қала құраушы кәсіпорындардың маңызды рөлін атап өту қажет.

Мысалы, «ERG» компаниясының тобы өткен жылы Ақсу, Рудный, Хромтау қалаларында 12,9 млрд теңгеге өз қаражаты есебінен әлеуметтік нысандар салу бойынша жобаларды іске асырды, сондай-ақ облыста бұқаралық спортты дамыту жөніндегі іс-шараларды қаржыландырды.

Бұдан басқа, компания «Tugan Qala» жобасын іске асыруда, оның мақсаты – қалаларды абаттандыру бойынша жобаларын іске асыруға қала тұрғындарын тарту.

Бұл ретте, кез-келген қала тұрғыны жаңа бастаманы ұсынып, тұрғындар арасында дауыс беру арқылы компанияның қолдауымен жүзеге асыра алады.

Осы жоба шеңберінде 2020 жылдан бастап компания 100-ге жуық жобаны іске асыруға 690 млн теңге бөлді.

Басқа өңірлерде әлеуметтік маңызы бар объектілер салуға «Теңізшевройл», «Казцинк», «Қазақмыс» секілді қала құраушы кәсіпорындардың белсенді қатысуын және қомақты қаражат бөлетінін атап өткім келеді.

«Аталған тәжірибе халықтың әл-ауқатына оң әсер етеді және бұл бастаманы барлық моноқалаларда қолдану қажет деп санаймыз. Өздеріңіз білетіндей, экономиканы әртараптандырудың үлгілі мысалы – Саран қаласы. Саран индустриалды аймағы 2021 жылы құрылғанынан бастап қала дамуындағы оң динамикасын атап өтуге болады», — деді спикер.

Мәселен, тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 410 млрд теңгеден асты;

  • көлік құралдарын, автомобиль шиналарын, полиэтилен құбырларын, тұрмыстық техниканы шығару бойынша жаңа өндірістер ашылды;

  • 2021 жылдан бастап бюджетке салық аударымдары 4,5 есеге өсті;

  • көпқабатты үйлерді қалпына келтіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде;

  • 2000-нан астам жұмыс орны құрылды және т.б.

Осы бағыттағы жұмысты одан әрі дамыту және басқа моноқалалардың экономикасын әртараптандыру мақсатында индустриялық аймақтар құру ұсынылды.

Қазіргі уақытта Ақтөбе, Қарағанды және Атырау облыстарының әкімдіктері Хромтау, Сәтбаев, Балқаш және Құлсары моноқалаларында өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтарды құру бойынша жұмыс жүргізуде. Осыған байланысты әкімдіктер жұмысты жеделдетуі қажет.

Сонымен қатар Министрлік мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп:

– моноқалалардағы инженерлік инфрақұрылымды, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларын қаржыландыруды жыл сайын ұлғайту бойынша;

– оффтейк-келісімшарттарды жасауды ауқымды инвестиция тарату;

– техногендік-минералдық түзілімдерді қайта өңдеу;

– бос тұрған объектілерде шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту;

– «зәкірлік» жобаларды іске асыру;

– моноқалалардың айналасында геологиялық барлау жұмыстарын жүзеге асыру мәселелерін пысықтайтын болады.

Қорытындылай келе, Нұрлан Байбазаров, моноқалаларды дамыту бойынша сұрақтар Министрліктің тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.

#Үкімет отырысы #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу