«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 112 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері қаралды. Бағдарламаны іске асыру туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады. 

2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы тиімді және бәсекеге қабілетті көлік инфрақұрылымын құруға, транзиттік және көлік қызметтерін дамытуға, технологиялық және институционалдық ортаны жетілдіруге бағытталған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов атап өткендей, мемлекеттік бағдарламада жалпы сомасы 5,5 трлн теңгені құрайтын 112 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру қарастырылған.

«Бағдарлама аясында алдағы 6 жылда 10 мың шақырым жолдың құрылысы және реконструкциясы, республикалық желідегі 11 мың шақырым автомобиль жолын күрделі және орташа жөндеу жоспарланған. Автожол саласын қаржыландырудың жалпы көлемі 3,5 трлн теңгені құрайды. Бағдарламаны іске асыру республикалық маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 100% дейін жеткізуге, I және II техникалық санаттағы жолдардың ұзындығын 60% дейін, ақылы жолдардың үлесін 45% дейін ұлғайтуға, жол бойындағы сервис объектілерімен 100% қамтамасыз етуге жол ашады», — деді министр.

Б. Атамқұловтың мәлімдеуінше, автожол саласында биыл жөндеу жұмыстарымен республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым автожолды қамту жоспарланып отыр. Автожол саласының 2020 жылға арналған бюджеті 680 млрд теңгені құрайды, оның ішінде республикалық желі – 421 млрд теңге және жергілікті желі – 259 млрд теңге.

«Республикалық желі бойынша құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарымен 4 мың шақырым автожол қамтылады. Күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен 1,5 мың шақырым жол қамтылып, оның ішінде 1,1 мың шақырымында жұмыстар аяқталады», — деді министр.

Жыл соңына дейін 5,7 мың шақырымға төлем жүйелерін орнату, 158 қызмет көрсету нысанын ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру, санитарлық-гигиеналық қондырғылармен (СГҚ) қамтамасыз етілген 23 жанармай құю станциясын салу, сондай-ақ 62 санитарлық-гигиеналық қондырғы орнату көзделген.

«Жыл қорытындысы бойынша республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін тиісінше 89%-ға және 75%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымды құрайтын автожол учаскелерінде қозғалыс ашу жоспарланған. Жобаларды уақытылы іске асыру үшін барлық дайындау жұмыстары жүргізілді», — деді Б. Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, барлық қолданылатын материалдардың негізгі бөлігі отандық өндіріс өнімдері. Наурыз айының соңында оңтүстік өңірлерде құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. 

Ауа-райы қолайлы бола бастаған кезде жұмыс солтүстік өңірлерде қолға алынатын болады және сәуір айының соңына дейін барлық жобаларда құрылыс жұмыстары басталады. 

«Құрылыс алаңдарының барлығында мамандарды короновирустан қорғау үшін қажетті шаралар қабылданды. Барлық қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді», — деді министр. 

2025 жылға дейін жергілікті жолдардың 27 мың шақырымнан астамын жөндеу жоспарланып отыр. Бұл облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 95%-ын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізуге мүмкіндік береді. 

Бұл мақсатқа 2020 жылы 259 млрд теңге көзделген, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға 201,4 млрд теңге, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының жер учаскелерін сатып алуға 4,1 млрд теңге көзделген.

Жыл соңына дейін 4 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған. 350 жол жобалары іске асырылады, 31 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. 

Б. Атамқұловтың айтуынша, азаматтық авиация саласында коронавирус пандемиясына байланысты бүгінгі таңда, өкінішке орай, ішкі (100%) және халықаралық (98%) авиарейстер уақытша тоқтатылды.

Бірақ орын алған жағдайға қарамастан, осы жылдың бірінші тоқсанында жолаушылар ағыны көрсеткішінде өсім болды. Есепті кезеңде тасымалданған жолаушылар саны 1,7 млн адамды құрады, бұл 2019 жылғы сәйкес кезеңнен 5,2%-ға артық.

«Биыл біз Түркістан қаласындағы жаңа халықаралық әуежай мен Шымкент қаласындағы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Үржар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңартуды бастаймыз. Қаржы бөлінген жағдайда Өскемен және Үшарал қалаларындағы әуежайлардың тағы екі ұшу-қону жолағын да қайта жаңартуды бастаймыз. Алдағы 5 жылда 13 аэродром салу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда жергілікті әуе желілерінің 3 әуе айлағы жұмыс істейді», — деді министр.

Әуе тасымалы тоқтатылған сәтке дейін Қазақстанның 26 шетел мемлекетімен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы болғанын атап өткен жөн.

«Жақын арада біз қалыпты жұмыс режиміне оралып, барлық ұшуларды қалпына келтіріп, азаматтық авиация саласында жоспарланған барлық міндеттерді орындаймыз деп үміттенеміз. Жалпы, Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласы өкілдерінің болжамы бойынша авиация саласындағы операциялық кірістердің төмендеуі жыл соңына дейін шамамен 300 млрд теңгені құрауы мүмкін», — деді Б. Атамқұлов. 

Теміржол көлігі саласында 2025 жылға дейін магистральдық теміржол желісінің тозуын 49%-ға, локомотивтердің тозуын 58%-ға дейін төмендету жоспарлануда.

«Жолаушылар вагондарының жетіспейтіндігі белгілі. Сондықтан 6 жыл ішінде 600 жаңа жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланған. Биыл 50 вагон сатып алынады, бюджеттік несиеге 20 млрд теңге бөлінді», — деді министр.

Бұл ретте жылжымалы паркті жаңартуға 657 млрд теңге тарту жоспарлануда, оның ішінде 455 млрд теңгесі жеке инвестициялар екенін атап өту керек. 

Автомобиль көлігі саласында 2025 жылға дейін өңірлерде 4 автовокзал, 6 автостанция және 33 жолаушыларға қызмет көрсету пунктінің құрылысы жоспарлануда.

Бүгінде министрлік отандық автомобиль тасымалдаушыларының халықаралық нарықтағы үлесін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ағымдағы жылы өткен жылға қарағанда жолаушылар тасымалын 2,5%-ға және жүк айналымын 1,5%-ға арттыру жоспарланып отыр.

Ұлттық стандартқа сәйкес келетін автовокзалдар мен автостанциялар санын көбейту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәсіпкерлер үшін ынталандыру шаралары әзірленуде. 

Су көлігі саласында 2025 жылға дейін 2 паром және 4 құрғақ жүк кемесін сатып алу жоспарлануда, бұл ары қарай жүк ағыны көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ Каспий теңізіндегі қазақстандық флоттың қатысуын 35%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ апаттық жағдайды 10,3%-ға дейін төмендету және шлюздердің өткізу қабілеттілігін жылына 350 кемеге дейін арттыру үшін кеме шлюздерін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. 

Осы жылы осы мақсатта темірбетон конструкцияларын және жүк көтергіш құрылғыларды жөндеуге 1,9 млрд теңге бөлінді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р. Скляр аталған жобалардың ең алдымен өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін, бұл мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін айтты. 

«Биыл бұрын-соңды болмаған бірқатар жобаларды, соның ішінде жаңадан пайдалануға берілген 2600 км жолды енгізу жоспарланған. Теміржол электрификациясы жалғасады. Сондай-ақ 11 мың шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолында ақы төлеу жүйесін енгізу жоспарланған, бұл автомобиль жолдарының осы учаскелерін бюджет есебінен күтіп-ұстауға одан әрі қаржыландыруды қысқартуға және босатылған қаражатты басқа да маңызды жобаларды дамытуға бөлуге мүмкіндік береді», — деді Р. Скляр. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу