Нұрлыбек Нәлібаев Жезқазғандағы стратегиялық нысандардың жұмысымен танысты

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Жезқазған қаласына барды. Онда өңірдегі стратегиялық маңызы бар өндірістік кәсіпорындар мен қаланы дамыту бағытындағы бірқатар жобаның жүзеге асырылу барысын бақылады.

Алдымен делегация «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның Жезқазған мыс балқыту зауытында болды. Кездесу барысында өндірісті жаңғырту, өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту және экологиялық ахуалды жақсарту бағытында қолға алынған жұмыстар талқыланды. Еліміздің түсті металлургия саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі саналатын зауыт жылына 200 мың тоннаға дейін катодты мыс өндіруге қауқарлы.

Одан кейін Нұрлыбек Нәлібаев Жезқазған жылу электр орталығында барып, кәсіпорынның алдағы жылу беру маусымына дайындығын тексерді. Бірінші вице-премьер қысқы кезеңде қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз ету басты міндет екенін атап өтіп, дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар әлеуметтік нысандардың жылу жүйесінде ешқандай іркіліске жол бермеу қажеттігін ерекше ескертті.

Жұмыс сапары аясында Жезқазған байыту фабрикасының өндірістік әлеуетімен де танысты. Жыл сайын 21 млн тонна кен өңдеп, 150 мың тонна мыс концентратын өндіретін кәсіпорында технологиялық үдерістерді жетілдіру және өндіріс көлемін арттыруға бағытталған жоспарлар қарастырылды. Нұрлыбек Нәлібаев «Қазақмыс» корпорациясы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі маңызды екенін атап өтті.

Сапар соңында облыс орталығының, оның ішінде жаңа Батыс ауданының даму жоспары қаралды. Кеңгір су қоймасы жағалауын абаттандыру жобаларының жүзеге асырылу барысы сараланып, әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейту, «Қазақмыс» корпорациясымен жасалған меморандум аясындағы жобаларды сапалы әрі уақтылы орындау, сондай-ақ өңірге инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. 

#Инфрақұрылымдық даму #Нұрлыбек Нәлібаев #Экономика #Өнеркәсіп #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу