Нұрлыбек Нәлібаев Алматы қаласындағы көлік-логистикалық, энергетикалық, индустриялық және туристік жобалармен танысты

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында мегаполистің негізгі көлік-логистикалық, энергетикалық, индустриялық және туристік нысандарын аралады. Оған қала әкімі Дархан Сатыбалды, облыс әкімдігінің басшылығы, сондай-ақ нысандарға жауапты ведомстволар мен салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Нұрлыбек Нәлібаев алдымен Алматы әуежайында болып, нысанның инфрақұрылымын дамыту жобаларының жай-күйімен, соның ішінде перрон ғимараты, ұшақтарды мұздан тазарту алаңы, жаңа жүк тұрақтары құрылысымен және ішкі рейстер терминалының реконструкциясымен танысты.

Алматы әуежайы жаңа халықаралық терминалының жалпы аумағы – 56 мың шаршы метр, 93 млрд теңге инвестиция салынған нысанның өткізу қуаты жылына 14 млн жолаушыға өскен. 2024 жылдың маусым айында пайдалануға берілгелі бері бұрынғы ғимаратқа түсетін жүктеме азайып, ол толықтай ішкі рейстерге қызмет көрсетуге көшті.

Премьер-министрдің бірінші орынбасарына жаңадан салынып жатқан нысандар және алдағы жоспарланған іс-шаралар туралы мәлімет берілді. «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Көсе Гөкер баяндағандай, нысанды басқаруды қолға алған TAV Havalimanları Holding A.Ş. (TAV Airports Holding) компаниясы былтыр тамыз айында жалпы сомасы $360 млн болатын алдағы бес жылға арналған бас жоспарын бекіткен. Оның аясында терминалдарды реконструкциялау, ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу, жердегі қызмет көрсету жабдықтарын сатып алу, жүк перроны және бортта тамақтандыру нысандарын тұрғызу, қонақ үй мен көп деңгейлі паркинг салу сынды тағы да басқа жобалар қарастырылған.

Бірінші вице-премьер Мемлекет басшысы Қазақстанды аймақтағы жетекші транзиттік экономикалар деңгейіне шығару міндетін қойғанын, Үкімет бұл тапсырманы басым бағыт ретінде қарастыратынын және оған жан-жақты қолдау көрсетілетінін баса айтты.

«Бүгін Үкімет басшысының тапсырмасымен әуежайдағы жұмыс барысын көру үшін арнайы келдім. Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту – Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі авиациялық хабтардың біріне айналдыруға бағытталған стратегиялық шешім. Алайда жұмыс қарқыны өте баяу. Алматы – туристер көп келетін, ең әсем қаламыздың бірі. Әуежай аумағындағы қаланың көркін бұзатын, туристерге жайсыздық тудыратын құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтау керек. Көсе Гөкер мырза, әуежай маңындағы жолаушылардың, туристердің орынды сын-ескертпелеріне негіз болған, созылып кеткен жұмыстарды аяқтайтын уақыт жетті. Туристер ағыны өсетін жаз мезгілі қарсаңында жаңғыртудың қарқынын да арттырыңыздар, халықтың жағдайын назарға алыңыздар. Ал қала әкімдігі жаңғырту жұмыстарының сапасы мен дер уақытында бітуін қатаң бақылауда ұстауы тиіс», — деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.

Сондай-ақ Алматы әуежайының халықаралық терминалын таяуда нөсер жаңбыр салдарынан су басу оқиғасына арнайы тоқталды. Бұл жағдай қоғамда кең резонанс тудырып, қала тұрғындары мен шетелдік қонақтар арасында жағымсыз реакцияға себеп болды. Осы ретте Премьер-министрдің бірінші орынбасары жұмыстың басты өлшемі - сапа екенін ескертіп, Алматы қаласының әкімдігіне әуежайдың көлік инфрақұрылымын қалалық қоғамдық көлік желісімен, соның ішінде метроның перспективалық бағытымен интеграциялауды тапсырды.

«Алматы-1» вокзалына барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары былтыр наурыз айында басталған реконструкциялау жұмысының барысын тексерді. Жоба-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптама порталына жүктеу аяқталғаны туралы мәлімет берілді, бірақ ұйғарым алу 2026 жылдың 11 тамызына қалған.

«Үкімет басшысының Алматы-1 вокзалындағы жаңғыртудың барысын көру тапсырмасымен келгенде, "Қазақстан Темір жолының" жұмысындағы кемшіліктерді байқадық. Вокзалға жаз мезгілінде тәулігіне 12 мың, ал қыста 7 мыңға жуық жолаушы келіп-кетеді. Қазір оларға жыл он екі ай қолайсыз жағдай туындаған. Жоспарланған жұмыс соңына жетпей, жолаушылар қиындық көруде. Алып шаһарда орналасқан аса маңызды нысандағы жұмыс қарқыны мүлдем сын көтермейді. Жазғы демалыс маусымы басталатын уақыт болды. Сондықтан жұмысты жеделдету керек. Еліміздің тарихында бір мезетте 121 вокзалды жаңғырту жұмыстары бұрын-соңды болмаған. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен қолға алынған осы маңызды жобаны сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру керек. "Қазақстан Темір жолы" басшылығына Алматы-1 вокзалындағы жұмысты тез арада аяқтауды тапсырамын. Қала әкімдігі жұмыс барысын, қарқынын күнделікті қадағалауы керек. Бұл мәселе Үкіметтің қатаң бақылауында», — деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Бірінші вице-премьер мердігер компанияға жоба-сметалық құжаттаманы сараптамадан өткізу ісін жеделдетуді, жабдықтарды дер кезінде жеткізуді, қала әкімдігіне барлық жұмысты бақылауды тапсырды.

Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары Үлкен Алматы айналма автожолына қатысты мәселелерге де назар аударды. Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Олжас Шабданов трассаға 6 жерден радиалды жолдарды әкеліп қосудың құрылыс-монтаждау жұмыстары барысын баяндады. Бұл орайда қажетті жер телімдерін сатып алу және босатуға қатысты мәселелер бар. Мысалы, Сабатаев көшесіне дейінгі аумақта 410 жер телімінің тек 118-і ғана сатып алынған. Ал Ақын Сара көшесінің бойындағы 66 жер телімі түгел мемлекет меншігіне алынғанымен, жылыту маусымы кезінде жоғары кернеулі электр желісін сөндіру мүмкін болмағандықтан, 110 кВ тірек-бағандарды демонтаждау кейінге қалдырылған. Бұл учаскеде жұмыстар биылғы тамыз айында аяқталады деп жоспарланған. Өзге радиалды жолдар бойынша да жұмыс жалғасуда.

Мәселен, Алматы қаласы мен облысы арасындағы учаскелерде жұмысты бәсеңдетпеу үшін облысқа қарасты аумақта жер телімдерін сатып алу, жолдың жобалау құжаттарын әзірлеу және құрылыс жұмыстарын жүргізуге қала бюджетінен қаржы бөлінгені айтылды. Осы орайда шаһардағы жол-көлік жүйесін дамытуға қатысты Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар екенін ескеріп, Алматының үлкен айналма күре жолындағы құрылыс жұмыстарын жеделдету туралы тапсырма берілді. 

Нұрлыбек Нәлібаев Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде екінші және үшінші жылу электр орталықтарында болып, ауқымды жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Алматы қаласының Алатау ауданындағы екінші жылу электр стансасы – алып шаһардағы ең ірі жылу көзі. Жаңғырту жобасының басты мақсаты – энергетика кешенін табиғи газға көшіру арқылы қаланы жылумен және энергиямен тұрақты қамтамасыз етіп, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайту. Оның аясында жылу қуаты сағатына 952 Гкал-ға дейін, ал электр қуаты 600 МВт-қа дейін жететін заманауи газ стансасын іске қосу көзделген.

Жобаны жүзеге асыру барысында үш газ турбинасы мен генератор орнатылды. Жабдықтардың 99%-ы жеткізілген. Қосалқы инфрақұрылым мен жол құрылысы аяқталды. Негізгі нысандардағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының жалпы дайындық деңгейі шамамен 55%. Қазіргі кезде бас корпус ғимараты мен су жылыту қазандықтарында, су және газ дайындау пункттерінде, сондай-ақ электр техникалық инфрақұрылым нысандарында жұмыс жалғасуда. Барлық жұмыс, соның ішінде негізгі жабдықтарды жеткізу бекітілген кестеге сәйкес жүруде. Жобаның аяқталуы 2026 жылдың соңына жоспарланған.

Сонымен қатар Премьер-министрдің бірінші орынбасары Алматы облысы Іле ауданының аумағында орналасқан үшінші жылу электр орталығын да аралап көрді. Стансада қайта жаңғырту жұмыстары аясында кемінде 450 МВт болатын бу-газ қондырғысы салынады және тозығы жеткен жабдықтар жаңартылады. Мердігері – қазақстандық компаниялар консорциумы.

Бүгінде қадалы іргетас алаңын орнату жұмыстары жүргізілуде, газ турбиналық қондырғының алғашқы жиынтығы іргетасқа орналастырылды, жабдықтардың бір бөлігі құрылыс алаңына монтаждалып қойылды. Жоба-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өту сатысында. Қайта жаңғыртуды аяқтау 2027 жылға жоспарланған.

Нұрлыбек Нәлібаев Алматының дамуы, қала халқының өмір сапасын жақсарту мәселесі Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін атап өтті. Энергетикалық нысандардың сенімді әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданған. Соған сәйкес жаңғырту жұмыстарын белгіленген кестеден кешіктірмей, дер кезінде аяқтауды тапсырды.

Сондай-ақ Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы тау кластері мен Almaty Superski жобаларының жүзеге асырылу барысымен және Индустриалды аймақтың жұмысымен танысты.

Алматы тау кластері – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған Қазақстанның флагмандық жобасы. Ол Алматының таулы аймағын әлемдік деңгейдегі, жыл бойы жұмыс істейтін туристік, спорттық және сауықтыру бағыты ретінде кешенді дамытуды көздейді.

Қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов баяндағандай, жоба екі негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Біріншісі – «Шымбұлақ» пен «Oi-Qaragai» курорттарын дамыту, екінші бағыт – «Көк-Жайлау» аумағын туристік орталыққа айналдыру. 

«Біз қысқа мерзімде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап, мемлекеттік сараптамаға жолдадық. Жоба аясында аспалы жолдар саны 16-дан 62-ге дейін жетеді, трассалар ұзындығы 41 шақырымнан 252 шақырымға дейін ұлғаяды, курорттардың өткізу мүмкіндігі 6,7 есеге – күніне 40 мың адамға дейін өседі. Экономикалық нәтижелерге келетін болсақ, шетелдік туристер саны жылына 1 млн адамға артады, қала экономикасына жыл сайын 300 млрд теңгеден астам табыс түседі деп болжанған», — деді Олжас Смағұлов.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Алматы тау кластері жобасы екі кезеңде жүзеге асырылады. Мамыр айынан басталған бірінші кезеңде «Шымбұлақты» жаңғырту аясында 2 аспалы жол жаңартылады, 7 жаңа жол салынады. Poma компаниясымен алғашқы келісім жасалды. Жыл соңына дейін 3 200 метр биіктікте екі жаңа желі пайда болады, бұл 5 шақырымнан астам жаңа трассаны іске қосуға мүмкіндік береді. 

Almaty Superski жобасы бойынша әкімдік инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту және жол салу жұмыстарын бастады. Бүгінде мердігер ұйымдар айқындалып, жобалар EPC-келісімшарттар форматында жүзеге асырылуда.

Жобаға жауапты Kazakh Tourism Development Ltd басшылығы тұжырымдамада жаяу серуендеушілердің кешенді инфрақұрылымын, заманауи визит-орталықтарын және соқпақтар мен маршрут белгілерінен бастап таулы аймақтардағы шұғыл байланысқа, цифрлық навигацияға және күрделілігі әртүрлі деңгейдегі маршруттар каталогтеріне дейін бірыңғай қауіпсіздік жүйесін құруға ерекше мән берілетінін атап өтті.

Almaty Superski жобасы бойынша қазір инженерлік инфрақұрылым дайындалып, жабдықтар сатып алынуда. Биыл 8 көпір мен су өткізу құрылыстарын салу көзделген. Сондай-ақ алдағы маусым айында ұзындығы 6 шақырым автожол құрылысын бастау жоспарланған. Газбен жабдықтау және кәріз желілері 2027 жылы жолмен бір мезгілде салынады. Жалпы, инженерлік инфрақұрылым мен автожол 2027 жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады деп күтілуде.

Нұрлыбек Нәлібаев жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жобаны жүзеге асыру қарқынын бәсеңдетпей, жоспарланған іс-шараларды уақтылы әрі сапалы жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар Премьер-министрдің бірінші орынбасары Алматының Индустриялық аймағына барып, 2025 жылдың маусымында іске қосылған «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» компаниясының негізінде заманауи автомобиль кластерін құру жұмысымен танысты.

Кәсіпорын автомобильдерді дәнекерлеу, бояу және құрастыру бойынша технологиялық операцияларды қолданып, бүгінде ұсақ торапты әдіспен өндіруді бастады. Мультибрендті зауытта үш жартылай автоматтандырылған дәнекерлеу цехы мен үш құрастыру желісі іске қосылды, бұл жұмыс орындарының санын арттыруға мүмкіндік береді. Бояу цехы 90%-ға автоматтандырылған. 30,9 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 120 мыңға дейін автокөлік шығаруға жетеді. Бүгінде 1900 адам еңбек ететін зауыт толық қуатына шыққан жағдайда олардың саны 3600 адамға көбеймек.

«Бүгінде Алматы еліміздің өнеркәсіптік және инвестициялық дамуының негізгі орталықтарының бірі саналады. Шаһарда заманауи автомобиль кластерін қалыптастыру индустрияландыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, құзыреттерді арттыру және сабақтас салаларды дамыту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Мұндағы жобалар жай ғана құрастырудан өндірісті терең локализациялауға, заманауи технологияларды енгізуге, процестерді цифрландыруға және инженерлік құзыреттерді дамытуға көшуді көрсететінін ерекше атап өткім келеді. Үкімет алдағы уақытта да осындай бастамаларға жан-жақты қолдау көрсететін болады», — деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Алматы индустриялық аймағында 357 млрд теңгенің 57 жобасы жүзеге асырылған. Кәсіпорындарда 9 674 жұмыс орны ашылды. 2025 жылы жалпы сомасы 225 млрд теңгеге 14 жоба іске қосылып, онда 4922 жұмыс орны құрылған болатын. Биыл жалпы сомасы 12,6 млрд теңгеге 11 жобаны іске қосу жоспарланған, 691 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

#Инфрақұрылымдық даму #Президенттің тапсырмасы #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу