Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады

Кездесу барысында Елбасы партияның ішкі іріктеуі – праймериздің сапалы өтуінің ерекше маңыздылығына тоқталды. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының баспасөз қызметі хабарлайды. 

«Праймериздің сапалы өтуін қамтамасыз ету және халыққа оның мақсаттары туралы түсіндіру маңызды. Бұл Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына қатысу үшін партияның белсенді, сауатты және патриот мүшелерін іріктеуге мүмкіндік береді», – деді «Nur Otan» партиясының Төрағасы.

Бауыржан Байбек Нұрсұлтан Назарбаевқа партия мүшелері арасындағы іріктеуді ұйымдастыру бойынша дайындық жұмыстарының нәтижелері туралы айтып берді.

«Бүгін еліміздің барлық өңірінде праймериз басталды. Оған қатысу үшін жергілікті жерлерде 700-ден астам қоғам белсендісі партия қатарына қосылды», – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Сонымен қатар Б.Байбек «Nur Otan» партиясының Төрағасына сайлауалды бағдарламаны дайындау және «Birgemiz» қорының әлеуметтік аз қамтылған азаматтар мен медициналық ұйымдардың қызметкерлерін қолдауға бағытталған жұмысы туралы баяндады. Сондай-ақ Елбасына су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Достық ауылының тұрғындарына арналған үйлерді салу бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы ақпарат берілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу