17 Тамыз 2018, 13:33
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындарын, ауыл шаруашылығы алқаптарын аралап, Ильичевка ауылындағы тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
«Тайынша май» ЖШС аралау барысында Мемлекет басшысы кәсіпорынның цехын аралап көріп, майлы дақылдарды өңдеудің және тазартылған майды өндірудің технологиялық процесімен танысты.

«Сіздердің инвестицияларыңыз қайта өңдеу өндірісіне алғаш рет тартылып отыр. Бұл Қазақстанның аграрлық кешеніне қосылған маңызды үлес болып саналады. Мұнда өндірілген бүкіл өнім сыртқы нарыққа шығарылып, еліміздің экспорт көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және табыс табуға септігін тигізеді. Осының бәрі өте маңызды», — деді Қазақстан Президенті.

Кәсіпорынды аралап көргеннен кейін өңір әкімі Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан облысының биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміз бойынша топырағы ең құнарлы әрі ауыл шаруашылығы үшін жері қолайлы саналатын Солтүстік Қазақстан облысы аграрлық салаға дәстүрлі түрде маманданғанын айтып, Қазақстанда өндірілетін астықтың төрттен бір бөлігі осы өлкеге тиесілі деп атап өтті.
«Мұнда ауыл шаруашылығының әлеуеті әлі де тиісті дәрежеде пайдаланылып отырған жоқ. Бұл ретте, облыс егіншілері, сөзсіз, жер өңдеу, астық өндіру ісінде жоғары деңгейдегі мамандар болып саналады. Сондай-ақ, мал шаруашылығы саласын дамытумен де айналысу керек», — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Қазақстан–Ресей XV өңіраралық форумын өткізуге дайындық барысы жөнінде мәлімдеді.
Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығына ғылыми жетістіктер мен цифрландыру үдерісін енгізу, шекаралас өңірлермен ынтымақтастықты жандандыру, өнеркәсіп өндірісі мен туризм саласын одан әрі дамыту, сондай-ақ өңірдің инвестициялық және іскерлік тартымдылығын арттыру арқылы облыстың аграрлық әлеуетін кеңейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
«Бес әлеуметтік бастама» осы мәселелерді шешуге септігін тигізу қажет. Оның жергілікті деңгейде сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету керек», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан өзге, Елбасы Қазақстанның басқа өңірлерінен қоныс аударғандарға арналған Ильичевка ауылындағы 14 тұрғын үйдің құрылысымен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаев көшіп келген отбасылармен әңгімелесу барысында қоныс аударған тұрғындарға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтіп, өзінің де өмір жолы туралы айтып берді.
«Менің Алматы қаласының маңында дүниеге келгенімді білесіздер. 17 жасымда туған өлкемнен ұзап кеттім. Мен осындай шешім қабылдап, түрлі өңірде еңбек жолынан өттім. Кездескен қиындықтарды жеңіп, бүгінгідей дәрежеге жетіп отырмын. Сіздер мұны балаларыңыздың болашағы үшін жасап жатырсыздар», — деді Қазақстан Президенті.

Соңында Елбасы ауылдың жаңа тұрғындарына зор денсаулық, табыс, бақ-береке тіледі.
Мемлекет басшысы «Эксимнан Агрофирмасы» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы кешенін аралап көру барысында ауыл шаруашылығы алқабын аралап көріп, егін ору науқанына дайындық барысымен танысты, сондай-ақ биыл Солтүстік Қазақстан облысының мол астық жинайтынына сенім білдірді.

Қазақстан Президенті өңір шаруаларымен әңгімелесу барысында ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандырып, мал шаруашылығын дамыту қажеттігін атап өтті.
«Бұл жетістіктермен тоқтап қалмай, өндіріске ғылыми және цифрлық технологияларды енгізу керек. Қайта өңдеу саласын дамытпай, еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кәсіпорындар жетекшілері еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен аграрлық секторға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы облыс зауыттарында құрастырылатын тракторлар, комбайндар және басқа да астық жинауға арналған техникалар қойылған ауыл шаруашылығы көрмесін аралап көрді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу