Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қазақстан Президентінің бес әлеуметтік бастамасы

20 наурыз 2018, 09:11

Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына үндеу жариялап, таяу уақытта елімізде іске асырылуы қажет бес жаңа әлеуметтік бастаманы атады.

Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру»

Н. Назарбаев тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыруға бағытталған «7–20–25» бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Осының арқасында жұмыс істейтін әрбір қазақстандық ипотекалық қарыз алу мүмкіндігіне ие болады. Президент оның негізгі параметрлерін атап көрсетті: несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі — жылына 7% аспайды, бастапқы жарна — 20% аспайды, несиелендіру мерзімі — 25 жылға дейін беріледі.

Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту»

Мемлекет басшысы салыстырмалы түрде жалақысы төмен қызметкерлердің жалақысын арттыру мақсатында салық жүктемесін төмендету жоспарланғанын мәлімдеді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын 10 есеге — 1% дейін азайту ұсынылған.

Осылайша салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет. Нәтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады.  

Әрі қарай Үкімет табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеуі керек, деді Қазақстан Президенті.

Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту»

Жоғары білім берудің қолжетімділігін және сапасын арттыру үшін Мемлекет басшысы 2018/19 оқу жылында жыл сайын бөлінетін 54 мыңға қосымша 20 мың грант бөлуді ұсынды. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, роботты техника, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр.

Сонымен бірге, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек. Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл – жалпы әлемдік тренд.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың пікіріне сәйкес, әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аудару қажет. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек. 

«Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді», — деді Президент.

Ол 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырды.

Төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту»

Аталған бастама аясында Елбасы 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бұл бастаманың маңызы — ол мыңдаған адамдарға өз жеке ісін ашуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде, ауылда кәсіпкерлікті дамыту үшін маңызды.

Бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру»

Қазақстан Президенті Қызылорда облысынан Астанаға газ құбырын салу туралы шешімді жария етті.

Магистральді газ құбырын салу жобасы Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында жүргізіледі. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, экология жақсарады. Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге жол ашады.   


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз