Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық Кеңестің отырысына қатысты

Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Жиында Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 107-бабының 8) тармақшасын конституциялық емес деп тану туралы мәселе қаралды.

«Азаматтардың тұрғын үй құқықтарын іске асыру мәселесі мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты», — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәми бүгінгі отырыс еліміздің конституциялық дамуы тарихында айтулы оқиға екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 71-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Конституциялық Кеңестің ғұмыр бойы мүшесі», — деді Қ. Мәми.

Іс-шара барысында Үкімет, Парламент Сенаты және Мәжілісі, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура өкілдері мен сарапшылардың пікірі тыңдалды.

Заңның аталған нормасы жетілмегені және азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіруі мүмкін екендігі айтылды.

Жиынға қатысушылардың пікірлері мен жауаптарынан кейін Конституциялық Кеңес нормативтік қаулы қабылдады. Аталған қаулы басылымдарда жарияланады.

«Мемлекеттік әлеуметтік саясат тұрғысынан заңнамалық базаны жетілдіру ерекше маңызға ие», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, тұрғын үй құқығын іске асыру мәселесі халықтың әл-ауқатына тікелей байланысты екендігі айтылды.

«Менің тапсырмам бойынша бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске асырылды. Бұрын баспана сатып алуға мүмкіндігі болмаған қазақстандықтар үшін тұрғын үйдің қол жетімділігі қамтамасыз етілді», — деді Елбасы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Ата Заңды құрметтеу және қатаң сақтау елдің сәтті дамуының кепілі екендігін және Конституцияның 25 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл мәселенің өзектілігі артып отырғанын атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу