Көліктік инфрақұрылымды жаңарту ҚР экономикасының дамуына серпін береді

Еліміздің ұзақ мерзімді дамуының басты бағыттары ұлттық инфрақұрылымды жаһандық көліктік-логистикалық желіге ықпалдастыру болып айқындалды. Қазір басымыздан кешіп отырған экономикамыздың қиын-қыстау жағдайында мемлекетіміздің географиялық артықшылықтарын және сәйкесінше транзиттік әлеуетін толық пайдалана отырып, ірі көліктік дәліздерді бірлесіп салудан пайда табу орынды болмақ. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауы – «Қазақстан-2050» стратегиясында заманауи инфрақұрылымдық база құруға арнап жаңа әдіс-тәсілдер әзірлеуге шақырған болатын. Бұл құжатта қазақстандық транзитті 2050 жылға қарай 10 есеге, жылына 180 млн тоннаға дейін арттыру міндеті қойылған еді. 

Қазақстанның инфрақұрылымды жаңарту және өңірлік нарықтарғы қысқа қолжетімділігі бойынша ауқымды жоспарлары көршілес алып ел Қытайдың болашақ логистикасының стратегиялық болжамында айқын көрініс тауып отыр. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Жаңа Жібек жолын қайта өркендету идеясын ұсынып, одан кейін бірден «Жібек жолының Экономикалық белдеуі» бағдарламасын жүзеге асыруды ұсынған болатын. Ал, бұл бағдарлама инвестицииялардың орасан зор ағымдары мен әр түрлі нысандардың көптеп салынуын көздейді.

Жеке көліктік дәліздерді құру 2012 жылы Ұлы Жібек жолы бағдарын қайта өркендету ретінде толық қалыптастырылды. Сол кезде Шетел инвесторлары кеңесінің 25-ші отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа Жібек жолы» ауқымды жобасының іске қосылғандығын жария еткен болатын.

«Қазақстан өзінің тарихи рөлін жаңғыртып, Орталық Азия өңірінің ірі іскерлік және транзиттік хабына, Еуропа мен Азияны жалғайтын көпірге айналуы тиіс», - деп мәлімдеген еді Мемлекет басшысы.

Жобаның бәсекеге қабілетті артықшылықтары ретінде Нұрсұлтан Назарбаев тиімді географиялық орналасуын, жүк ағымының үнемі артуын, Кедендік одақ елдерінің нарықтарына тікелей жету және елдегі жағымды инвестициялық ахуалды атап өтті.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында «Жаңа Жібек жолын» құру бойынша ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру Қазақстанға халықаралық нарықтарға қолжетімді болудың бірегей мүмкіндіктерін береді, өңірге инвестициялар тартудың қуатты құралына айналады, деп атап өтті беделді сарапшылар.

Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының сауда және даму жөніндегі Конференциясының (ЮНКТАД) сараптық бағаларына сәйкес Еуразия континентіндегі негізгі нарықтар арасындағы 2020 жылға сауда көлемі 1,5 есеге - 800 млрд доллардан 2014 жылы 1,2 трлн долларға дейін артады. Сондай-ақ, Қытай мен Еуропалық одақ елдері арасындағы тауар айналымы 615-тен 800 млрд АҚШ долларына дейін, Қытай мен Үндістан арасында 2020 жылға қарай 66-дан 92 млрд долларға дейін артады деп күтілуде. Сонымен бірге, Азия мен Еуропа арасындағы континентаралық жүк тасымалдарында теңіз көлігі басымдыққа ие, оның үлесіне 98 пайыздан астам тиесілі. Демек, сарапшылардың пікірінше, ішкі континенттік дәліздерге көшу Қазақстанға зор мүмкіндіктер береді.

Еліміздегі инвестициялық ахуалдың жақсаруы үшін трансконтиненттік транзиттік дәліздер салудың маңыздылығын оған дейін ҚР инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев те айтып өткен болатын.

Оның айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасын іске қосу және Астанада халықаралық қаржы орталығын құру бойынша идея, сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен бірлескен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламасын жүзеге асыру шетел инвесторларының келуіне жаңа зор серпін береді.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы автомобиль жолдары жобалдарында қолданылатын құрылыс материалдарының 97 пайызы отандық тауар болады. Қазіргі уақытта 2000 шаршы шақырымнан астам жолда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, 72 мыңнан астам адам жұмысқа тартылған», - деп атап өткен еді министр.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы аясында ағымдағы жылдың соңына дейін ұзындығы 65 шақырым болатын «Шымкент – Жамбыл облысы шекарасы» учаскесінде қозғалыс ашылады, деп мәлімдеген болатын ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автокөлік жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың тамыз айында Тараз қаласында ұзындығы 65 шақырым болатын айналма жолын салу аяқталды.

Сондай-ақ, оның мәліметіне сәйкес, «Нұрлы жол» жобаларын мерзімінде тапсыру үшін халықаралық қаржы институттарынан 5 млн доллардан астам көлемде қарыз тарту жоспарлануда. Осылайша, тартылған қаржы есебінен мына жобалар жүзеге асырылады: Қарағандыдан Куртовқа дейін «Орталық-Оңтүстік» жобасы, Астанадан Астраханьға дейін «Орталық-Батыс» жобасы, сонымен қатар Ұзынағаш-Отар, Жетібай-Жаңаөзен учаскелері.

Қазіргі таңда аталған учаскелер бойынша техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалаық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жүргізіліп жатыр.

«Ағымдағы жылдың соңына дейін және 2016 жылдың бірінші жарты жылдығында қарыздар туралы келісімге қол қойып, ратификациялау жоспарланып отыр. Жобаларды жүзеге асыруды бастау 2016 жылдың екінші жарты жылдығына қарастырылған», - деп толықтырды комитет төрағасының орынбасары.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасын жүзеге асыру 2009 жылы басталған болатын. Жоба жұмыс істегелі бері 2009 жылдан бастап Ресей Федерациясының шекарасынан Шымкент қаласына дейін Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары арқылы өтетін 1 900 шақырым жол ашылды.

Биылғы жылы жалпы ұзындығы 483 шақырым болатын Ташкент-Шымкент, Шымкент-Жамбыл облысының шекарасы және Алматы–Қорғас учаскелерінде жұмыс жүргізілуде.

Мемлекет басшысы жариялаған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанның елордасы сәулелік таралу қағидасы бойынша барлық өңірлік жолдармен байланысты болмақ. Осы жоспарларға сәйкес «Орталық-Оңтүстік» жобасын жүзеге асыру жалғасуда, ол Астанадан Алматыға дейін Теміртау, Қарағанды, Балқаш қалаларын басып өтеді. 2013 жылы Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай учаскелерінде жүзеге асыру басталған болатын. Дәліздің жалпы ұзындығы 1282 шақырымды құрайды.

Оның айтуынша, автожолдың 253 шақырымында жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жыл қорытындысы бойынша 51 шақырымды аяқтау жоспарланған. Барлығы, оның мәліметінше, көлік инфрақұрылымын жетілдіру аясында 2020 жылға дейін елімізде 7 мыңнан астам шақырым автокөлік жолдарын салу жоспарлануда, бұл 200 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

«Жалпы еліміз бойынша ағымдағы жылы 2173 шақырым жолда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, жыл қорытындысы бойынша оның 667 шақырымында жол ашылып, 578 шақырым автожол тұрақты пайдалануға беріледі», - деді инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Алматы – Қапшағай автокөлік жолының учаскесін аралау барысында.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі бөлігінде ағымдағы жылы цемент-бетон төселген 150 шақырым жолға екі бағытта қозғалыс ашылады. Құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтау 2016 жылға жоспарланған. Қазіргі уақытта Алматы облысында ұзындығы 539 шақырым автомобиль жолында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты. Сондай-ақ, Алматыдан Талдықорғанға дейін 235 шақырымда және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің «Алматы-Қорғас» жолының 304 шақырым бөлігінде жұмыстар атқарылуда.

«Алматы-Қапшағай бөлігінде құрылыс жұмыстары 3 бөлікте жүргізілуде, Алматы-Қапшағай тасжолының 63 шақырымы 6 жолақты жүру бөлігі болып қайта қалпына келтіріледі. Қалған 41 шақырым жол 4 жолақты болады. Жол цемент-бетон төсемімен І техникалық дәрежелер көрсеткіші бойынша салынады. Қапшағай – Талдықорған автожолында 6 бөлікте жұмыстар жүргізілуде», - деп нақтылады Инвестициялар және даму министрлігінде.

Жалпы, 2015 жылдың қорытындасы бойынша Алматы-Талдықорған бағыты бойынша 94 шақырым автожол пайдалануға беріліп, Алматыдан Талдықорғанға дейін бір жолақта көлік құралдарының үздіксіз қозғалысы қамтамасыз етіледі.

Оңтүстік өңірде автожолдар салудың ірі жобаларының бірі Үлкен Алматы айналма тас жолының құрылысы болмақ, оны концессия негізінде жүзеге асыру жоспарланған.

2015 жылдың 26 қарашасында Үлкен Алматы айналма тас жолының құрылысын жүргізуге ниет білдірген үміткерлердің өтініштері қаралады деп жоспарланған. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында олардың ішіндегі үздігі анықталып, келіссөздер басталады. Тиісті келісімге қол қою және нысанның құрылысын бастау 2016 жылға жоспарланып отыр. Аталған жоба концессиялық механизм арқылы жүргізілетіндіктен, жобаны қаржыландырудың үлесін инвесторлар өздері бөледі.

Концессионерді анықтау бойынша екі кезеңнен тұратын ашық байқауда 27 халықаралық және отандық компаниядан құрылған 9 консорциум қатысқан болатын.

ҚР «Концессиялар туралы» Заңына сәйкес, өтініштерді республикалық меншікке жататын нысандарға қатысты концессия жөніндегі арнайы комиссия іріктейді. Комиссияға ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев төрағалық етеді.

Байқаудың екінші кезеңіне 5 консорциум өтініш берді (Түркия/Оңтүстік Корея, Түркия/Италия/Нидерланды, Франция/Қазақстан, Испания/Түркия/Франция, Қытай/Қазақстан). Биыл маусым айында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі әлеуетті кредиторлармен конференция өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша Халықаралық қаржы институттары әлеуетті концессионер кредитор ретінде қатысуға қызығушылық білдірді: ЕҚДБ, АДБ, ИДБ, IFC, Қазына Капитал Менеджмент, Credit Suisse, Еуразиялық даму банкі, Goldman Sachs, Эксим банк. Қазір байқауға қатысушылар өздерінің өтініштерін дайындауда (техникалық және қаржылай ұсыныстарын).

Үлкен Алматы айналма жолы ақылы болады, төлем ақылы жолға кіргенде төленеді, яғни ол жүретін жолдың ұзақтығына байланысты болмайды. Пайдалануға берілген алғашқы жылы 78 мың, ал 2034 жылға қарай тәулігіне 104 мың автокөлік өтеді.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің анықтамалық мәліметіне сәйкес, концессия мерзімі 20 жылды құрайды; қозғалыс жолақтарының саны: 4 (ұзындығы 9 шақырым); 6 (ұзындығы 57 шақырым), қозғалы жолағының ені: 3,75 метр; көлік айырымдарының біріктірілген саны: 8 дана; қозғалыстың есептік жылдамдығы: 150 км/сағатқа дейін.

Жолды іске қосқаннан кейінгі бірінші кезеңде жеңіл автокөлікке 210 теңге және жүк көлігіне 340 теңге көлемінде мөлшерлеме қарастырылған. Үкімет қаулысымен Үлкен Алматы айналма жолы аса маңызды концессиялық жобаларға жатады.

Жобаның ұсынылған құрылымы бойынша, инвестициялық және эксплуатациялық шығындардың өтемақысы, сондай-ақ автокөлікті басқаруға сыйақы концессионерге «қолжетімділікке төлем» тетігі бойынша беріледі – бұл мемлекет тарапынан бекітілген төлемдер, демек ақылы автокөлік жолдан түскен жүру ақысының барлығы да республикалық бюджетке түседі. Жолды пайдаланудағы 15,5 жылға жалпы алым 231 млрд теңгені құрайды. Бұдан өзге, республикалық бюджетке концессия келісімі бойынша концессионердің қызметінен салықтар түседі (64 млрд. теңге).

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы М.Мұхановтың пікірінше, Инфрақұрылымдық және индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудан келген синергетикалық әсер экономикалық белсенділікті ынталандыруға, экономика құрылымын әртараптандыруға және өнімді жұмыспен қамтуды арттыруға маңызды фактор болады.
«Инфрақұрылымның дамуы сыртқы байланыстардың нығаюына әсер етеді. Бұл экспортты арттыруға, еңбек ресурстарының жылдамдығының артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына қолайлы әсер етеді», - деп баса айтты институт басшысы.

Транзиттік әлеуетті пайдалануға қатысты, жақында таныстырылған Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА құрғақ порты мен Каспий теңізіндегі теңіз портын байланыстыратын транскаспилік халықаралық бағдар «Жаңа Жібек жолы» ҚР мен ҚХР өзара іс-қимылы аясындағы алғашқы пилоттық жоба болды.

Бұл жобалардың барлығы басты бір мақсатқа бағытталған – қазақстандық экономика мен көліктік инфрақұрылымды әлемнің логистикалық жүйесіне интеграциялау, көптеген елдердің, сонымен қатар ЕАЭО ішінде және одан тыс жерлерде транзиттік әлеуетті ашу.

«Инфрақұрылымға салынатын инвестициялар олардың даму дәрежесіне тәуелсіз көптеген елдердің экономикалық күн тәртібінің басында тұр. Әлдеқашан құрылған Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне үлкен үміт артылып отыр. Қытай тарапы 50 млрд доллар салды, Ресей 30 млрд беруге уәде етті, және батыс Еуропа елдерін қоса алғанда, 50-ден астам ел банк қызметіне қатысуға ниет білдірді. Қазақстан, әрине осы жобаның алғашқы құрылтайшыларының бірі болды», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу