СҚО-да жергілікті қамтуды дамыту бойынша қол қойылған меморандумдардың жалпы сомасы 14,1 млрд. теңгені құрады
Бүгiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары Бердiбек Сапарбаев Солтүстiк Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында орталық мемлекеттiк органдар, ұлттық компаниялар, көшбасшы кәсiпорындар, кәсiподақтар, өзге және өнеркәсiптiк сала басшыларымен отандық құрамды дамыту және бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiн арттыруға арналған жиналыс өткiздi, деп хабарлады облыс әкімдігінде.
Жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдiң орынбасары мұнай-газ шығарушы, мұнай-газ өндеушi, мұнай-химия, химия газ, энергетика және басқа да өнеркәсiп салаларына жаңа технологиялар негiзiнде қондырғы жасаушы Қазақстандағы iрi машина жасаушы кәсiпорындардың бiрi «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» акционерлiк қоғамының энергетикалық қазандық даярлайтын цехында болды. Цехта осыдан бiр жыл бұрын мемлекеттiк үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа технологиялар бойынша iрi жылу-электр орталықтарына арналған қазандықтар шығарыла бастады. Үкiмет басшысының орынбасары бұндай қондырғылар бұған дейiн Алтай өңiрiнен жеткiзiлiп келгендiгiн атап өттi. 2014 жылы зауыт 4,3 млрд. теңгенiң тапсырысын орындаған. Бүгiнде мұнда 1168 адам жұмыспен қамтылған, орташа жалақы 95,6 мың теңгенi құрайды.
Кездесудi ашқан Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Ерiк Сұлтанов Елбасының «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Жолдауында барлық өңiрлерге нақты мiндеттер қойылып, жұмыс жоспарларын қайта қарау тапсырылғанын айтты. Өңiр басшысы осы ретте облыста атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып өттi.
Сөз алған Вице-Премьер Бердiбек Сапарбаев елiмiзде әкiмдiктер мен кәсiпорындар басшыларымен өнеркәсiп үдерiстерiн тұрақтандыру және еңбек құқықтары мен кепiлдiктерiн қамтамасыз ету , сонымен қатар ұлттық компаниялар мен кәсiпорындар арасындағы меморандумдарға қол қою бойынша кең көлемдi жұмыс ұйымдастырылып жатқандығын айтты.
«Әлемдегi экономикалық жағдай бiзге де өз әсерiн тигiзбей қоймайды. Осы кезеңнен шығу жолдарын Елбасы қараша айындағы Жолдауында жеткiзген болатын. Бүгiнгi бiздiң мақсатымыз — экономиканың өсiмiн баяулатпау, халықтың әлеуметтiк жағдайына ерекше көңiл бөлу. Бiздiң есебiмiз бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасындағы тапсырмаларды орындау кезiнде 400 мың жұмыс орнын ашуға мүмкiндiк аламыз. Сонымен қатар он мемлекеттiк бағдарламаның мүмкiндiктерiн пайдалану керек»- дедi Үкiмет басшысының орынбасары өз сөзiнде.
Кездесi барысында өңiрдiң өнеркәсiптiк даму мүмкiндiктерi, өндiрiстiк үдерiстер мен қазақстандық құрамды көбейту мәселелерi қарастырылды. Облыс әкiмiнiң орынбасары Ерлан Әукенов өңiрдегi бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. «2014 жылы өнеркәсiптiк өндiрiс көлемi 3,5%, ауыл шаруашылығы 2,6%, бөлшек сауда 15,1% артқан. Негiзгi капиталға салынған инвестиция 8,7% артты», - дедi Ерлан Әукенов баяндамасында.
Жергiлiктi тауар өндiрушiлердiң мәселелерi бойынша «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры Қуаныш Бiшiмов, облыстың ауылшаруашылығы кешенiндегi кәсiподақтар кеңесiнiң төрағасы Альфред Мавлютов баяндады.
Ауылшаруашылығы мәселесiне келгенде Премьер-Министрдiң орынбасары мал шаруашылығы саласы солтүстiк өңiрлерде әлi де кенже қалып жатқандығын айтты. «Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерi алты ай жазда жана жұмыспен қамтылған. Сондықтан, мал шаруашылығын дамыту мәселесiне ерекше көңiл бөлуiмiз керек. Бүгiнде мемлекет субсидия арқылы үлкен қолдау көрсетiп отыр. Сондықтан, ауылшаруашылығы құрылымдары егiн шаруашылығымен қатар мал өсiрудi қолға алуы керек», - дедi Бердiбек Сапарбаев.
Жиналыс қорытындысы бойынша облыстық әкiмдiк және «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазақстан Темiр Жолы» ҰҚ» АҚ, «Самрұр-Энерго» АҚ, «Ақниет-БН» ЖШС арасында жергiлiктi қамтуды дамыту бойынша жалпы сомасы 14,1 млрд. теңгенiң 5 меморандумына қол қойылды.
Сондай-ақ, Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгi мен «ЗИКСТО»АҚ, «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ, «ПАМЗЖ» АҚ, «Әлiби-Агро» ЖШС, «ҚазЭкспортАстық Холдингi» АҚ, РФ «Оңтүстiк Орал темiр жолы» кәсiпорнының СҚОФ, «Севказэнерго» АҚ басшылары мен кәсiподақтар комитеттерiнiң төрағалары арасында жұмыс орындарын сақтау және өндiрiстiк үдерiстердi тұрақтандыру бойынша 8 меморандумға қол қойылды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз