Олжас Бектенов ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің алдағы отырысына қатысушылармен бірқатар кездесу өткізді

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысына қатысушылар: Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Антонелла Бассанимен, Chevron Upstream Президенті Клэй Неффпен, Shell plc «Барлау және өндіру» бөлімшесінің президенті Питер Костелломен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында бірлескен бастамалардың ағымдағы мәртебесі және әріптестікті одан әрі нығайту перспективалары қаралды. Олжас Бектенов кездесуге қатысушыларды Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енгені туралы хабардар етті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына жаңа экономикалық модельге көшу міндетін қойды. Биыл елімізде 200-ден астам жаңа өндіріс орындары ашылмақ. Бұл ұлттық экономиканың одан әрі дамуына, жаңа жұмыс орындарын құруға, қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайтуға елеулі серпін бермек. Қазақстан үкіметі ел экономикасы үшін басым бағыттар бойынша халықаралық инвесторлармен ұзақмерзімді жобаларды жүзеге асыру мақсатында тұрақты жағдайларды қамтамасыз етуді жалғастырады», — деп атап өтті Премьер-министр.

Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Антонелла Бассани Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, олардың еліміздің одан әрі тұрақты дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.

«Ең алдымен, сіздерді жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын. Бұл – ел үшін шынымен тарихи сәт. Сондай-ақ, ЖІӨ өсуінің жоғары қарқынын және халықтың өмір сүру деңгейінің айтарлықтай артуын қоса алғанда, Қазақстанның соңғы жылдардағы елеулі экономикалық нәтижелерін атап өткім келеді. Бұл жетістіктер елді табысы жоғары мемлекет мәртебесіне сенімді түрде жеткізеді. Менің білуімше, бұл – Президент белгілеген негізгі мақсаттардың бірі», — деді Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті.

Кездесу барысында 2026-2031 жылдарға арналған әріптестіктің негіздемелік стратегиясын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Оның ішінде жеке секторға жетекші рөл бере отырып, экономиканы дамытудың неғұрлым әртараптандырылған, орнықты және бәсекеге қабілетті моделіне көшуді жеделдету жөніндегі бірлескен іс-шараларға назар аударылды.

Сондай-ақ көпжылдық ынтымақтастықтың маңыздылығы да атап өтілді. Оның шеңберінде, мәселен, Қазақстанда көлік, білім беру, цифрландыру, экология және «жасыл» технологияларды дамыту салаларында жалпы сомасы $8 млрд-тан асатын 50-ден астам жоба жүзеге асырылды.

Антонелла Бассани сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудағы Қазақстанның артып келе жатқан рөлін, сондай-ақ еліміздің цифрлық трансформация мен ЖИ саласындағы жетістіктерін атап өтіп, республикада жүзеге асырылып жатқан реформалар басқа мемлекеттер үшін оң үлгі болып саналатынын атап өтті. Тараптар жеке сектордың экономикаға қатысуын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кездесу барысында Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, сондай-ақ ұлттық экономика, қаржы, энергетика, көлік, жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің басшылығы пікір білдірді. Дүниежүзілік банктің делегациясы Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге, бірлескен жобалар мен сараптамалық өзара іс-қимылды кеңейтуге дайындығын растады.

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Shell plc «Барлау және өндіру» бөлімшесінің президенті Питер Костелло Қарашығанақ пен Солтүстік Каспийдегі жобаларды жүзеге асырудың өзекті мәселелерін, геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Компанияның Қазақстанда жаңа жобаларды жүзеге асыруға деген қызығушылығы атап өтілді.

Chevron Upstream президенті Клэй Неффпен кездесуде стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту перспективалары қарастырылды. Теңіз және Қарашығанақ жобаларына, жаңа өндірістік нысандарды тұрақты пайдалануды қамтамасыз етуге, геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық перспективаларына назар аударылды. Жұмыстар мен қызметтердегі, сондай-ақ мұнай-газ саласы үшін білікті жергілікті кадрларды даярлау жүйесіндегі қазақстандық қамту үлесін арттырудың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесулер қорытындысы бойынша инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға өзара мүдделілік расталды.

#Олжас Бектенов #Білім беру #Инвестициялар #Көлік #Халықаралық ынтымақтастық #Цифрландыру #Экология #Энергетика

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу