24 Қараша 2026, 13:05

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ ұжымына «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешімімен компанияның басқарма төрағасы болып тағайындалған Ерсайын Нағаспаевты таныстырды.
Премьер-министр Ерсайын Нағаспаевтың мол тәжірибесін, соның ішінде саланы жетік білуі мен ұзақжылғы еңбек жолын да атап өтті. Әр жылдары Ерсайын Нағаспаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да қызмет атқарған. 2025 жылғы ақпаннан бастап Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарды.
Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» компаниясының жаңа басшылығы алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындады. Басым бағыттар қатарында көлік-логистикалық әлеуетті одан әрі кеңейту, транзиттік тасымал көлемін арттыру, теміржол инфрақұрылымын дамыту және компания қызметінің тиімділігін жақсарту міндеттері қойылды. Сонымен қатар корпоративтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейту, сондай-ақ басшылардың қабылдайтын шешімдері үшін дербес жауапкершілігін арттыру қажеттігіне ерекше назар аударылды.
«Мемлекет басшысы “Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері” атты Жолдауында Қазақстанды Еуразияның жетекші көлік-логистикалық хабына айналдыру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілуде және оның нәтижелері үшін ерекше жауапкершілік еліміздің негізгі көлік-логистикалық активі ретінде "Қазақстан темір жолына" жүктеледі. Бұл – мыңдаған ұжымы және күрделі басқару жүйесі бар ірі компания. Кадр жұмысын ретке келтіріп, әр қызметкер үшін нақты міндеттерді анықтау қажет. Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек. Қызметкерлердің басым бөлігі адал және жауапты адамдар екеніне сенімдімін. Үкіметтің, салалық министрліктің және "Самұрық-Қазына" қорының қолдауымен алға қойылған барлық міндеттерді жүзеге асыруға әлеуеттеріңіз жеткілікті. Босаңсуға уақыт жоқ, қарқынды жұмысқа дереу кірісу қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Елімізде қазіргі уақытта ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Осы жылдың соңына дейін «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» теміржол учаскелерінің құрылысы аяқталатыны атап өтілді. Ал «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысын келесі жылы аяқтау көзделген. Оларды уақтылы пайдалануға беру Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайту үшін айрықша маңызға ие екені баса айтылды.
Сонымен қатар жылжымалы құрамның отандық өндірісін одан әрі дамыту міндеті айрықша атап өтілді. Елімізде локомотивтер мен вагондар шығаратын өндірістік кластерлер қалыптасқанын ескере отырып, отандық тауар өндірушілерге жүйелі түрде қолдау көрсету қажет.
Жүк тасымалдаудың толыққанды мультимодальды жүйесін қалыптастырудың, теңіз көлік инфрақұрылымын дамытудың және инвестормен бірлесіп «Alatau Air Cargo» АҚ жүк авиакомпаниясының қызметін тиімді ұйымдастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Көлік процестерін цифрландыру бағытында қосымша резервтер сақталатыны айтылды. Осыған байланысты «ҚТЖ» ҰК» АҚ жаңа басшылығы цифрлық шешімдерді енгізу бойынша жұмысты жандандырып, компания қызметінің тиімділігін арттыру үшін олардың әлеуетін барынша пайдалануы қажет.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу