17 Қараша 2026, 16:43

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің Ресей Федерациясы Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцевпен кездесуі барысында сауда-экономикалық және өңіраралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Орынбор облысы – Қазақстанның негізгі шекара маңындағы әріптестерінің бірі. Нақтыланған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы облыспен Қазақстан өңірлерінің тауар айналымы 13,7%-ға өсіп, $641,7 млн-ға жетті, осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде бұл көрсеткіш $400,5 млн-ды құрады.
«Қазақстан мен Ресей көшбасшылары арасында тұрақты әрі сенімге негізделген диалог орнаған, бұл екі елдің, жекелеген өңірлер мен кәсіпорындардың экономикалық байланыстарын дамытуға берік негіз қалайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы шамамен $27 млрд-қа жетті. Қазіргі таңда мемлекеттер басшылары алға қойған міндет – тауар айналымын $30 млрд-қа дейін жеткізуге жақындап келеміз. Орынбор облысын айтар болсақ, биылғы көрсеткіштер көңіл қуантады, өзара сауда көлемі артып келеді, оның $640 млн-нан астамы Орынбор облысының үлесіне тиесілі», — деді Олжас Бектенов.
Орынбор облысының губернаторы сауда-экономикалық қатынастардың тұрақты түрде нығайып келе жатқанын атап өтіп, шекара маңындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударды.
«Қазақстан – біздің ірі сауда серіктестеріміздің бірі. Қазақстанның үлесіне Орынбор облысының барлық әріптес өңірлермен жиынтық сыртқы сауда айналымының шамамен 20%-ы немесе бестен бір бөлігі тиесілі. Біз сіздерге ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіптік тауарлар жеткіземіз, Қазақстаннан кабельдік және химиялық өнімдерді, азық-түлік өнімдерін, тұтыну тауарларын аламыз. Жыл сайын өткізу пункттері арқылы жолаушылар мен жүк ағындары артып келеді. Өнеркәсіптік кооперация ерекше маңызға ие. Біз АӨК саласындағы экономикалық байланыстарымызды едәуір нығайта алатынымызға сенімдімін», — деп атап өтті Евгений Солнцев.
Өзара сауданың бүгінде бар әлеуетін аша түсуге арналған бағыттар атап өтілді. Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, авиациялық қатынастарды, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кооперациясын кеңейтуге, мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылға назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға бірлескен бастамаларды жүзеге асыру кезінде қажетті жәрдем көрсету жөнінде бірқатар тапсырма берілді.



Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу