Олжас Бектенов Түркістан облысындағы су құрылыстарын реконструкциялау қарқыны және АӨК-ті дамыту шараларымен танысты

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Түркістан облысының су инфрақұрылымы объектілеріне барып, өңірдің гидротехникалық құрылыстарын жаңғырту барысымен танысты, сондай-ақ АӨК-ті дамыту шаралары туралы есепті тыңдады.

«Тұран су» кəсіпорнында облыс аумағындағы су объектілерін күрделі жөндеу мəселесіне назар аударылды. Кəсіпорынның балансында 18 су қоймасы, 3 су торабы, 3 магистральдық жəне 103 шаруашылықаралық канал бар. Үкімет басшысына Түркістан облысындағы тозығы жеткен ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды орындау шаралары баяндалды. Бүгінгі таңда əкімдік бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін 17 су объектісіне жобалық-сметалық құжаттама əзірледі. Сондай-ақ сыйымдылығы 68 млн м3 «Бəйдібек ата» жəне сыйымдылығы 45 млн м3 «Боралдай» су қоймаларының құрылысы жүріп жатыр.

Кентау қаласындағы «Қосқорған» су қоймасының аумағында Олжас Бектенов гидротехникалық құрылыстың жағдайымен танысты. 2021-2022 жылдары жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша су қоймасының жай-күйі қанағаттанарлықсыз екені анықталды. Осыған байланысты жобалық-сметалық құжаттама əзірленіп, «Қосқорған» су қоймасына күрделі жөндеу жүргізуге мемлекеттік сараптама оң қорытынды берді. Сонымен қатар Үкімет басшысына Түркістан облысында 18,5 млн текше метр суға арналған «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынғаны туралы баяндалды. Биыл «Бəйдібек ата» су қоймасының құрылысы басталады, ол болашақта Бөген су қоймасын толтыру кезінде реттеуші ретінде жұмыс істейтін болады. Нəтижесінде вегетациялық кезеңде қосымша 68 млн текше метр су жеткізіледі, бұл облыстың 6 ауданы мен қаласын суармалы сумен қамтамасыз етуге кепілдік береді.

«Өздеріңіз білетіндей, негізінен су тапшылығы елдің оңтүстік өңірлерінде қалыптасып отыр. Бұл ретте осы проблема біздің республикада ғана емес, көрші мемлекеттерде де бар. Ең бастысы – суды үнемдеуіміз керек. Мемлекет басшысы айтқандай, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру керек. Бұл барлық ұйым қатысуы тиіс маңызды міндет», — деді Олжас Бектенов. Оған қоса Үкімет басшысы жобаларды уақтылы қаржыландыру жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ қосымша су қоймалары мен ирригациялық каналдарды кезең-кезеңмен салу мəселесін пысықтау тапсырылды. 

Сондай-ақ Олжас Бектенов «Түркістан Агро XXI» кəсіпорнының аумағындағы егіс алқабын аралап көрді. Премьер-Министр заманауи суару жүйелерін тексерді. Бүгінде су шашырату технологиясы 733 га жерге орнатылды, бұл көрсеткішті 1 000 га жерге жеткізу жоспарланып отыр. Осы жер учаскесін жем-шөп базасымен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын жоңышқа, жүгері сүрлемі жəне күздік бидай егу бойынша көктемгі жəне күзгі дала жұмыстары жүргізіледі.

Мұнда Үкімет басшысына өңірдегі агроөнеркəсіп кешенін дамыту жəне АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Түркістан облысы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 13%-ын қамтамасыз етеді. Мұнда барлық агроқұрылымның 35%-ы немесе 80 мыңнан астам нысан жұмыс істейді. Еліміздің суармалы алқабының төрттен бір бөлігі Түркістан облысында орналасқан.

Түркістан облысы əкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы 2024-2026 жылдары өңірде АӨК саласында жалпы сомасы 507 млрд теңгеге 8,3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 105 жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын айтты. Оның ішінде биыл құны 114 млрд теңге болатын 45 жобаны іске асыру көзделген. Бұдан басқа Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында облыста биыл 22 мың га-ға, одан əрі 2028 жылға дейін 216,3 мың га-ға кеңейте отырып, су үнемдеу технологияларын енгізу көзделген.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жыл сайын отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау үшін қомақты қаражат бөледі. Біз АӨК-те жобаларды іске асыруға əрі қарай да жəрдем көрсететін боламыз. Алайда бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану қажеттігін атап өткім келеді», — деді Премьер-Министр Олжас Бектенов.

#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-Министрі #АӨК #Жұмыс сапары #су ресурстары

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу