28 Қаңтар 2025, 14:06
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысына 2024 жылдың қорытындысы бойынша Үкімет жұмысының негізгі нәтижелері жөнінде баяндады.
Премьер-министр Президентке Қазақстан экономикасының өсу қарқыны туралы мәлімдеді. Өткен жылы аталған көрсеткіш 4,8%-ды құрады. Ауыл шаруашылығында – 13,7%, құрылыста – 13,1%, саудада – 9,1%, көлікте – 8,5% жоғары серпінге қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9%-ға артты. Бұл ретте аграрлық сектор мен өңдеуші салада соңғы 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді.
Сонымен қатар мұнай өндіру көлемі 2,4 млн тоннаға төмендеп, Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына кері әсерін тигізді. Бұл көбіне еліміздің ОПЕК+ шеңберіндегі міндеттемелеріне және ірі кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты болды.
Салалар бойынша экономиканың өсуінің статистикалық көрсеткіштерінің артында нақты нәтижелер жатыр. Мәселен, Қазақстанда 29 ірі зауыт салынды, олардың қатарында Қостанай облысында шойын құю; Алматы облысында вольфрам және жылу оқшаулағыш материалдар өндіретін, Шымкентте бағалы металдарды өңдеу; Қарағанды облысында катодты мыс, автокөлік шиналары мен тұрмыстық техника шығаратын және басқа да кәсіпорындар бар. Саран қаласында заманауи өндірістердің іске қосылуы оның моноқалалар санатынан шығуына мүмкіндік берді.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 2024 жылы 26 млн тоннадан астам астық және 3 млн тоннадан астам майлы дақылдар жинады. 4 млн тонна астық экспортқа жөнелтілді. Егіншілер толық көлемде суармалы сумен қамтамасыз етілді. Бұл ретте Арал теңізіне 2 млрд 600 млн м3 су жіберілді, бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден едәуір жоғары. Жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын 80 су арнасын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Су үнемдеу технологияларымен қамтылған егіс алқабы 1,5 есе артып, 470 мың гектарды құрады.
Құрылыс саласында да нақты нәтижелер бар. Атап айтқанда, алғаш рет елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 397 денсаулық сақтау нысаны, 298 білім беру нысаны бой көтерді. 11 мың орынға арналған 40 студенттік жатақхана пайдалануға берілді. 12 мың шақырым автомобиль жолдары және 2,8 мың шақырым теміржол жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында 3 жаңа терминал пайдалануға берілді. Жалпы, өткен жылы жүк тасымалдау көлемі 10%-ға өсіп, шамамен 1 млрд тоннаға жетті.
Тұрғын үй-коммуналдық секторға ерекше көңіл бөлінді. Өткен жылы қосымша 300 мыңнан астам адам газбен қамтылып, 200 мыңнан астам адам орталық су жүйесіне қосылды. 542 шақырым жылу желілері мен 55 жылу көзі жаңғыртылып, 6,5 мың шақырым инженерлік желілер жөнделді. Жалпы қуаты 700 МВт-тан асатын қосымша электр қуатын өндіру көздері іске қосылды.
Инвестициялық штабта жалпы құны $50 млрд болатын 115 жоба бойынша түткілді мәселелер тез арада шешімін тапты. Бюрократиялық мәселелерге қарамастан, еліміз үшін қажетті жобаларды дер кезінде бастауға мүмкіндік беретін шешімдер қабылдануда. Инвест штаб іскерлік ахуалды жақсарту үшін нақты кейстер негізінде заңнамалық өзгерістерді әзірлейді. Қазіргі уақытта 97 түзету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жалпы, өңірлер бойынша өткен жылдың қорытындысына сәйкес, ең жоғары экономикалық өсім Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана және Шымкент қалаларында тіркелді. Негізгі көрсеткіштердің төмен динамикасы Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында қалыптасты.
#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-министрі #Көлік #Мұнай-газ саласы #Экономика #Үкіметтің кеңейтілген отырысы #Өнеркәсіп«Үкімет Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасында, жолдауларында және басқа да бағдарламалық құжаттарда белгіленген стратегиялық міндеттерді іске асыруды жалғастыруда. Сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту, біздің басымдықтарымыз болып қала береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу