18 Желтоқсан 2025, 16:03

Үкіметтің жыл қорытындысына арналған баспасөз конференциясында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру және саланы цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндады.
Оның айтуынша, соңғы жылдары салада оң динамика сақталып келеді.
«2025 жылдың 11 айында өңдеу секторындағы өндіріс көлемі 5,9%-ға өсіп, 27 трлн теңгеден асты. Өсім металлургия, машина жасау, химия және құрылыс материалдарын өндіру сынды негізгі секторларда оң динамика көрсетіп отыр», — деді Олжас Сапарбеков.
Саланы дамытуға жаңа өндірістердің іске қосылуы айтарлықтай үлес қосып отыр. 2025 жылға жоспарланған 190 жобаның 173-і жүзеге асырылып, шамамен 22 мың жұмыс орны ашылды.
Іске асырылған ірі жобалар қатарында KIA, Chery, Changan, GWM жеңіл автокөліктерін, жүк вагондарын, тұрмыстық техниканы, сондай-ақ тамақ өнеркәсібіне арналған алюминий және қағаз қаптамаларын өндіру жобалары бар. Бұл жобалар толық қуатқа шыққанда саланың жылдық өндіріс көлемін қосымша 2,3 трлн теңгеге арттыруға мүмкіндік береді.
Келер жылы минералды тыңайтқыштар, HOWO және XCMG жүк көліктері, жылуоқшаулағыш материалдар, тоқыма және лак-бояу өнімдерін өндіру жобаларын жүзеге асыру жоспарланған.
Жаңа өндірістерді ынталандыру мақсатында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы нарықтық қаражат тартылуда. 2022 жылдан бері жалпы сомасы 700 млрд теңгеге 116 жобаға жеңілдетілген қаржыландыру берілді. 2026 жылы қосымша шамамен 330 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
Кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Ең алдымен ішкі нарықты қамту шартымен алюминий, мырыш және мыс экспортын лицензиялау енгізілді. Нәтижесінде ел ішінде қайта өңдеу көлемі артты: мысқа сұраныс 27%-ға өсті, ал мырышқа сұраныс 4 есе артып, 3 мың тоннаға жетті.
Вице-министр цифрландыру мәселелеріне де тоқталды. Цифрлық технологияларды енгізіп жатқан кәсіпорындар саны 1 мыңнан асты. Жасанды интеллектіні ірі зауыттарда енгізу жөніндегі Жол картасы аясында («СарыарқаАвтоПром», «Қазфосфат», Qarmet, ERG) 41 AI-шешім іске асырылуда.
Реттелетін сатып алулар саласында да айтарлықтай өсім тіркелді, мұнда отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктері жетілдірілуде:
Мемлекеттік сатып алуларда жергілікті өндірушілермен жасалған шарттар сомасы 1,5 есе өсті;
«Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларында шарттар мен офтейк-келісімшарттар көлемі 1,4 трлн теңгеге жетті (өсім – 2,5 есе);
Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында 1,1 трлн теңгеге келісімшарттар жасалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,6 есе көп.
Сондай-ақ Олжас Сапарбеков 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап «CT-KZ» сертификаттарын алмастыратын Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі іске қосылатынын хабарлады.
#Машина жасау #Президенттің тапсырмасы #Өңдеу өнеркәсібі«Тізілім деректерді шоғырландыруға, “жалған өндірушілерді” анықтауға, ашықтықты арттыруға және жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті вице-министр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу