Өндірістерді кеңейту, жаңа жобаларды іске қосу, бизнеске қолайлы жағдай жасау: Премьер-Министр моноқалаларды дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі моноқалаларды дамыту перспективалары қаралды.

1,3 млн-нан аса тұрғыны бар 20 моноқала еліміздің өнеркәсіптік өндірісіне айтарлықтай үлес қосып отыр. Премьер-Министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров өз баяндамасында бүгінгі таңда моноқалаларда мұнай-газ, көмір, боксит, темір кендерін өндіру және т.б. бағыттарда 23 қала құраушы кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанын баяндады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндірістің көлемі 18,5 трлн теңгені құрады. Моноқалаларда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлер субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 92,3 мыңнан 100,2 мың бірлікке дейін өсті.

Экономиканың нақты секторын дамыту және инфрақұрылымдық мәселелерін жүйелі шешу мақсатында Алтай, Балқаш, Жітіқара, Лисаков, Риддер, Степногорск қалаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарлары бекітілді. Барлығы 456,6 млрд теңгеге 326 іс-шара қарастырылған. Моноқалалар инфрақұрылымын дамытуға биыл 62,8 млрд теңге жоспарланған. Экономикасын әртараптандыру және экономиканың шикізаттық емес секторларында баламалы өндірістер құру шеңберінде 10 мыңға жуық жұмыс орнын аша отырып, жалпы құны 1,4 трлн теңге болатын 41 жоба іске асырылып отыр.

ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев моноқалалар экономикасына инвестиция тарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Мәселен, биыл 100 млрд теңгеге 4 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр, бұл мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 

Моноқалаларды дамытуға қосымша инвестиция тарту мақсатында геология саласында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. 2020-2022 жылдар аралығында жүргізілген мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелері бойынша моноқалалар маңында болжамды құны 1,1 трлн теңгені құрайтын ресурстар табылды. Сонымен қатар моноқалалар төңірегін барлауға 28,7 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды. Биыл Абай, Курчатов, Балқаш, Алтай қалаларында 5 перспективалы учаскеде геологиялық барлау жұмыстарын аяқтауды жоспарланып отыр.

Үкімет отырысында моноқалалардың әлеуметтік ахуалы көп жағдайда ондағы ірі кәсіпорындардың жұмысына байланысты екені айтылды. Өндіріс көлемінің төмендеуі әлеуметтік және демографиялық мәселелердің әлеуетті көзіне айналуы мүмкін. Соңғы 20 жылда ондағы тұрғындардың саны екі еседен астам азайып кетті. Мұның басты себептері жұмыс орындарының тапшылығы, жалақының аздығы және тұрмыс сапасының төмендігі болып отыр.

«Біз моноқалаларды дамытып, жастар үшін тартымды еткіміз келеді. Ол үшін табысты арттырып, жұмыс орындарын көбейту қажет. Аталған міндет өндірістерді кеңейту, жаңа жобаларды іске қосу, бизнеске қолайлы жағдайлар жасау арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Әкімдіктер жас мамандарға жағдай жасап, әлеуметтік пакеттер ұсынуы керек. Моноқалаларда өндіріс орындары бар компаниялар да корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктері туралы ұмытпауға тиіс. Оның ішінде, жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға, өндірісті кеңейтуге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамаларға бірінші кезекте назар аудару қажет», — деді Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Үкімет отырысында моноқалалардың инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту барысы туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндады. Оның айтуынша, Степногорск ЖЭО жөндеу-қалпына келтіру және Балқаш жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстары іске асыру кезеңінде тұр. Сондай-ақ Степногорск, Риддер, Теміртау, Шахтинск, Рудный, Екібастұз, Кентау қалаларында 28 (жиырма сегіз) қазандық пен 11 (он бір) турбинаны жөндеу және реконструкциялау жоспарланған. 11 қаланы газбен жабдықтау бойынша жұмыс жалғасуда, бұл келешекте 600 мыңға жуық тұрғынды көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді.

Олжас Бектенов моноқалалардағы инфрақұрылым объектілерінің тұрақты жұмысына ерекше назар аударуы керек екенін айтты. Сонымен қатар халықты негізгі қызметтермен қамтамасыз етуге назар аудару қажет: инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы мен оларды жөндеу және білім беру мен медициналық қызметтердің қолжетімділігі.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Саран қаласында елді мекеннің дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік беретін индустриялық аймақ құру нәтижелері туралы баяндады. Жыл соңына дейін Хромтау, Сәтбаев, Балқаш және Құлсары қалаларында осындай индустриялық аймақтар құру тапсырылды. Келешекте бұл тәжірибені басқа моноқалаларға да тарату керек.

Моноқалаларды дамыту бойынша сараланған тәсілді қамтамасыз ету мақсатында Үкімет басшысы мынадай тапсырмалар берді:

  • Жуық арадағы нақтылаулар мен түзетулер шеңберінде инфрақұрылымды қаржыландыру лимиттерін ұлғайту жұмысы жандандырылсын. Бұл ретте, жергілікті бюджеттің әлеуетін толық пайдалану қажет;

  • Жылу электр орталықтарында, сондай-ақ жылу, су және электр желілерінде жоспарланған жөндеу жұмыстарының толық көлемде орындалуы кестелерді сақтай отырып, қамтамасыз етілсін. Келесі жылыту маусымына дайындық бойынша әкімдерге талап қатаң болады;

  • Отандық өндірісті ынталандыру үшін осы жылдың соңына дейін моноқалалардағы ірі кәсіпорындармен бірге оффтейк келісімшарттар санын кемінде екі есеге арттыруды тапсырамын;

  • Екі аптаның ішінде моноқалалардағы бос тұрған алаңдарда шағын өнеркәсіптік аймақтарды құруға байланысты нақты ұсыныстар енгізілсін;

  • техногендік-минералды түзілімдерді қайта өңдеу үшін инвесторлар тартылсын. Биыл моноқалалардың маңында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажет.

#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-Министрі #Жұмыспен қамту #Жұмысқа орналастыру #Инфрақұрылымдық даму #Экономика #Үкімет отырысы #Әлеуметтік қорғау #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу