Өнеркәсіп, сауда және көлік саласы – ЖІӨ өсуінің негізгі драйверлері

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Үкімет отырысында Мемлекет басшысының экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады.

Ол осы жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,3%-ды құрағанын атап өтті. Қаңтар-тамызбен салыстырғанда шамалы баяулау байқалады. Нақты сектордағы өсу 8,1%-ды құрады, қызметтер өндірісі 5,3%-ға өсті. 

«Салалар арасында көлік қызметтері, құрылыс және тау-кен өнеркәсібі ең жоғары өсуді көрсетті. Сауда 8,8%-ға, өңдеу өнеркәсібі 6,2%-ға, ауыл шаруашылығы 4,4%-ға ұлғайды. Жалпы ішкі өнім өсуінің 70%-дан астамын өнеркәсіп, сауда және көлік қызметтері қамтамасыз етті. Инвестициялар өсудің факторы болып қала беруде. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,5%-ға артып, 13,8 трлн теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестициялар 7,8%-ға өсті. Қаржы қызметіне жалпы инвестициялар 2 есеге, білім беруге – 1,8 есеге, өңдеу өнеркәсібіне – 30,7%-ға, ауыл шаруашылығына – 21,1%-ға, көлік қызметтеріне – 14,8%-ға ұлғайған. Инвестициялардың ең жоғары өсуі Ақмола, Жамбыл , Ақтөбе және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды»,  — деді  Азамат Әмрин.

Инвестициялардың төмендеуі Атырау облысында тіркелген.
Вице-министрдің сөзінше осы жылдың қаңтар-тамызында сыртқы сауда айналымы $90,1 млрд-ты құрады. Тауарлар экспорты $50,2 млрд-ты, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты $18,1 млрд-ты құрады. Тауарлардың импорты $40,1 млрд.

Әлемдік тауар нарықтарындағы төмен бағаларға қарамастан $10 млрд-тан аса оң сауда балансы сақталады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 6,2%-ға өсті. Бұл ретте қаңтар-тамызбен салыстырғанда 0,3 пайыздық тармаққа өсудің баяулауы байқалады.

«Өсу 17 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсу Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларында байқалды. Өндірістің төмендеуі Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Ақмола облыстарында тіркелді. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу көлік жасау өндірісінің 14%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 16,8%-ға, тамақ өнімдерінің – 9,8%-ға, химия өнеркәсібінің – 9,6%-ға, мұнай өңдеу өнімдерінің – 7,5%-ға, металл бұйымдарының – 15,2%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсудің баяулауына металлургиядағы қарқынның 0,3%-ға дейін баяулауы әсер етті. Бұл ретте қара металлургиядағы өндіріс 0,9%-ға төмендеді. Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,3%-ға өсті. Сала құрылымында табиғи газ өндіру 15,2%-ға, мұнай өндіру 13,2%-ға, көмір өндіру 10,4%-ға ұлғайды. Сонымен бірге металл кендерін өндіру 0,3%-ға қысқарды. Өсуге қарамастан, құрылыста 9 айдың қорытындысы бойынша қарқынның айтарлықтай баяулауы байқалады»,  — деді  Азамат Әмрин.

Сонымен қатар ол құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі 14,9%-ды құрап, 3,2 пайыздық тармаққа баяулағанын айтты. Құрылыстың өсуі 17 өңірде тіркелді, бұл ретте ең жоғары өсу Астана, Алматы қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстарында байқалды. Құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуі – Атырау және Абай облыстарында және Шымкент қаласында.

Спикердің сөзінше 12,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3,4%-ға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Ұлытау Алматы, Жетісу, Түркістан облыстарында, Алматы қаласында байқалады.

Ауыл шаруашылығы маусымдық өсу кезеңіне енді. Саладағы жалпы өнім көлемі 4,4%-ға артып, қаңтар-тамызбен салыстырғанда 1,0 пайыздық тармаққа жеделдеді. Айтарлықтай өсу дәнді дақылдарды жинаудың жоғары қарқынына байланысты. Нәтижесінде өсімдік шаруашылығындағы өсу 5,2%-ды құрады. Жалпы сала бойынша ең жоғары өсуді Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары көрсетті. Барлық 7 негізгі көрсеткіш бойынша өсу 11 өңірде тіркелді. Атырау, Ұлытау, Абай облыстарында және Шымкент қаласында 3 көрсеткіш бойынша төмендеу бар.

Тұрақты экономикалық өсуді ұстап тұру мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар мынадай шараларға баса назар аударуы қажет.

  • Инфрақұрылым салуға және машина жасауды қолдауға бөлінген бюджет қаражатының игерілуіне бақылауды күшейту.
  • Инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін бюджеттен «Бәйтерек» холдингіне қаражат бөлуді жалғастыру.
  • Осы жылдың соңына дейін өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған инвестициялық жобалардың аяқталуын және іске қосылуын қамтамасыз ету;
  • Күтіліп отырған егінді толық көлемде жинауға жағдай жасау.
#Экономика #ҚР Ұлттық экономика министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу