31 Наурыз 2026, 13:15
Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев баяндама жасады. ШҚО-да металлургия, медицина, цифрлық технологиялар және агроөнеркәсіптік кешендегі инновациялық дамуға ерекше назар аударады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов айтты.
Оның айтуынша облыстағы Өңірлік ғылыми-технологиялық кеңес қызметінің аясында аймақтың экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, зерттеудің экожүйесі қалыптастырылуда. Қазіргі уақытта мемлекеттік, халықаралық және тапсырыстық зерттеулерді қоса алғанда 250-ден астам жоба жүзеге асырылуда.
Тау-кен металлургия кешенін дамыту үшін Серікбаев атындағы университет Үлбі металлургия зауыты және ШҚО әкімдігі бірлесіп, ұнтақты металлургия әдісімен отын таблеткаларын өндіруге арналған пресс-құралының ресурсын арттыру бойынша құны 200 млн теңге болатын жобаны қарастыруда. Жоба импортқа тәуелділікті азайтады және өнімнің өзіндік құнын төмендетеді.
«Жоғары беріктігі бар қорытпаларды қайта өңдеуге арналған «Horizon» бағдарламасы бойынша Үлбі металлургия зауыты 8 млн еуроға грант алады, бұл бериллий өндіруді 5%-тен 9%-ке дейін арттырады. Халықаралық ынтымақтастық дамып келеді. Өңірде машина жасау саласы бойынша Лу Бань шеберханасының және тау-кен ісі мен геология бағыттары бойынша қазақ-неміс ғылым және технологиялар институтының алаңдары жұмыс істейді. С. Аманжолов атындағы университетпен бірлесіп, ылғалды ұстап тұратын, топырақ құрылымын жақсартатын және өсімдіктердің өсуін жақсартатын биоыдырайтын гидрогель әзірлеу жобасы қарастырылуда. Технологияның негізгі тұтынушылары агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындары болады. Қаржыландыруды жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыру көзделуде», — деді облыс басшысы.
ШҚО әкімінің сөзінше Сәтпаев тау-кен байыту кәсіпорнының 200 мың тонна ильменит концентратын өндіру жобасы титан өндірісінің тұйық тізбегін жасайды және импорттық шикізатқа тәуелділікті азайтады. Серікбаев атындағы университет Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия орталығымен бірлесіп, импланттардың 20 түрі бойынша клиникалық сынақтар жүргізеді. Сонымен қатар Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, онкологиялық ауруларды емдеуге арналған титан ұнтағынан жеке имплантаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Цифрлық технологиялар саласында негізгі өмірлік маңызды салалардың мониторингін қамтамасыз ететін Өңірлік аналитикалық орталық іске қосылған. Орталыққа 6 мыңнан астам бейнебақылау камерасы, ауа сапасын бақылауға арналған 25 мониторинг бекеті және жылу көздерін бақылауға арналған 23 датчик біріктірілген. «Казцинк» ЖШС мен «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-да өндірістік процестерде цифрлық түбегейлі өзгерту жобалары жүзеге асырылуда.
«Су тасқыны жағдайын мониторингтеу жүйесі енгізіліп, онда қауіптілік деңгейі автоматты түрде бағаланып, көрсеткіштердің динамикасына талдау жүргізіледі. Жүйеге Қазгидромет деректеріне негізделген 49 гидробекет бойынша жасанды интеллект моделінің негізінде 7 күндік болжам интеграцияланған. Осы жылдың соңына дейін қосымша 26 гидробекет орнату жоспарлануда. 116 цифрлық деректер тізілімі және 247 аналитикалық есеп енгізілді. Жүйені облыстың 9 басқармасының 2 мың қызметкері пайдаланады, ведомствоаралық деректер алмасу қамтамасыз етілген», — Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Қарағанды облысы өнеркәсіпте ғылым мен инновацияларды қолдауды күшейтуде
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Үкімет отырысында өңірдегі инновацияларды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол облыста ғылыми жобаларды жүзеге асыруды ынталандыру үшін гранттық қаржыландыру бойынша жеке облыстық бюджеттік бағдарлама ашылғанын атап өтті.
Өңірде инновацияны одан әрі дамыту және оны экономиканың нақты секторымен интеграциялау аясында бірқатар шара қабылдануда.
«Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп өткен жылы Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Қарағанды индустриялық университетінің базасында «Қармет» және «Қазақмыс» сияқты жүйе құраушы кәсіпорындардың қатысуымен 2 хакатон өткізілді. Жалпы ғылыми жобаларды жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 1 млрд теңге көлемінде қаржы көзделген. Өңірде 2 мың кәсіпорын жұмыс істейді, оның 15%-ы немесе 300 кәсіпорын өндірістік процестерге инновацияларды белсенді енгізуде. Нәтижесінде: 97 кәсіпорын пайданы тіркеп, 94 кәсіпорын шығындарды қысқартты. Жалпы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған қаражат көлемі 16 млрд теңгені құрады. Кәсіпорындар 124 млрд теңгеге инновациялық өнім өндіріп, оның 84 млрд теңгеге немесе ел көлемінің 27%-ы экспортқа шығарылды», — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Сонымен қатар Сағынов атындағы техникалық университетінің базасында «Картех» өңірлік инновациялық-индустриялық хабы құрылды.
Хаб инфрақұрылымын одан әрі дамыту және оның технологиялық мүмкіндіктерін кеңейту шеңберінде осы жылы зертханалық-өнеркәсіптік кешенді жарақтандыру, сондай-ақ «Силумин оф Қазақстан» кәсіпорнымен бірлесіп Алюминий технологиялары және инжиниринг орталығын, «Қазтехна»-мен бірлесіп конструкторлық бюроны, сондай-ақ «Картех» базасында тау жыныстары мен топыр механикасы зертханасын құру көзделген.
Өнеркәсіптік автоматтандыру саласындағы жетекші инжинирингтік компаниялардың бірі «Қазпромавтоматика» «Картех»-пен бірлесіп өңірдің негізгі салалары – тау-кен өндірісі, металлургия және энергетика үшін өндірісті цифрландыруға арналған «МЭС-уан» платформасы сияқты жобалардың толық циклін жүзеге асыруда. Бөкетов атындағы Ұлттық Зерттеу университетінің жанынан «Ақылбаев ресерч орталығы» өңірлік технопаркі құрылды. Жалпы, өңірдің жетекші жоғары оқу орындары өнеркәсіптік енгізуге баса назар аударып, 4,4 млрд теңгеге 242 гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобаларын жүзеге асырды.
Өңірде қолданыстағы және перспективалы индустриялық жобалар арқылы ғылыми әзірлемелерді енгізу үшін практикалық база қалыптастырылуда. «Қазгидромедь» және «Қазгеология» өндірістік – ғылыми алаңдары жер қойнауын пайдалану және геологиялық барлау саласындағы инновациялық технологияларды сынақтан өткізеді және енгізеді. Кәсіпорындар шетелдік әріптестермен кооперацияны дамытуды және тау-кен-металлургия кешеніне озық технологиялардың трансфертін қоса алғанда, әлемдік технологиялық деңгейге шығуға бағдарланған. Сонымен қатар құны 8 млрд теңге «Жаңа Лаб» талдамалық зертханасын салу жобасы Солтүстік Балқаш жағалауындағы геологиялық барлау жобаларының кенін зерттеу үшін жүзеге асырылуда. «Тау-Кен Самұрық» кен орындарын зерттеуге ерекше назар аударылады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу