18 Тамыз 2026, 13:37
Биылдан бастап мектептердің тамақтану қызметтеріне ақы төлеу тек «Әлеуметтік әмиян» цифрлық жүйесінің расталған деректері негізінде жүргізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді.
Баяндама барысында вице-министр жаңа оқу жылына мектептердің цифрлық инфрақұрылымының дайындығы туралы айтып, интернеттің қолжетімділігі мен сапасына тоқталды.
«Бүгінде мектептердің 92 %-ы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Қазірдің өзінде 1 276 мектепте интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-тен жоғары. 2027 жылға қарай олардың санын 3 222-ге, ал орташа жылдамдықты 90 Мбит/с-ке жеткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің міндетіміз – барлық мектепті тұрақты интернетпен қамтамасыз ету және балалардың цифрлық білім беру ресурстарына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. 2027 жылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған мектептердің үлесін 100 пайызға, яғни 8 мың мектепке жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар заманауи қосылу технологияларына көшуді жалғастырамыз», — деді жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Сонымен қатар вице-министр «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесіне жеке тоқталып, жүйе әлеуметтік қызметтерді цифрландыруды қамтамасыз ететінін атап өтті.
«2025–2026 оқу жылында осы жүйе арқылы 149 млн тегін ыстық тамақ берілді. 1,6 млн цифрлық ваучер берілді. Биылдан бастап мектептердің тамақтану қызметтеріне ақы төлеу тек расталған деректер негізінде жүргізіледі. Бірінші қыркүйекке дейін тиісті тізімдерді қалыптастырып, дайындық жұмыстарын қамтамасыз ету қажет. Дайындықты 4 өңір растады. Олар – Маңғыстау, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары. Барлық өңірлердің жұмысты бірдей қарқында жүргізуі маңызды. Тағы бір бағыт – білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтер. Бүгінде 61 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның 44-і онлайн қолжетімді. 2025–2026 оқу жылында білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтердің 72%-ы электрондық форматта көрсетілді. Ең көп сұранысқа ие қызметтер – балабақша кезегіне қою, құжаттарды қабылдау және балаларды білім беру ұйымдарына қабылдау», — деді жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Биыл алғаш рет 1-сыныпқа құжат қабылдау жаңартылған Oqu платформасы арқылы жүргізілді. Платформа QazTech-та жүзеге асырылды.
Жүйе ақаусыз жұмыс істеді. Қазірдің өзінде 5 мемлекеттік қызмет көшірілді. Жыл соңына дейін жаңа платформада тағы 5 қызметті цифрландыру жоспарлануда. Цифрлық трансформация балаларға жаңа мүмкіндіктер беруі тиіс.
Астанада халықаралық TUMO креативті технологиялар орталығы жұмыс істейді. Ол 12-18 жас аралығындағы мектеп оқушыларына арналған. Бағдарлама 11 IT-мамандықты қамтиды. Бүгінде Орталыққа 2 168 оқушы белсенді қатысады. TUMO желісі өңірлерде кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Қазір Алматыда орталық ашуға дайындық жүргізілуде. Бұл өңірлердегі жастардың технологиялық білімге қолжетімділігін кеңейтеді. Оның ішінде ауыл жастарына да мүмкіндік береді. Осы бағытта Tomorrow School да дамып келеді. Бұл – халықаралық peer-to-peer моделі бойынша жұмыс істейтін жасанды интеллект мектебі. Студенттер бір-бірінен үйренеді. Дәстүрлі мұғалімдер жоқ. Олар практикалық міндеттерді бірге шешеді. Білімдері мен тәжірибелерімен бөліседі. Барлығы 24 313 өтінім түсті. 2 135 қатысушы төрт апталық іріктеу кезеңінен өтті. 493 студент негізгі оқу кезеңінде. 57 қатысушы оқуын аяқтамай тұрып жұмысқа орналасты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026 жылы Tomorrow School желісін кеңейту басталды. Бүгінде желі Қазақстанның барлық дерлік өңірінде дамып келеді. Алдағы уақытта жобаны бүкіл ел бойынша іске қосу жоспарлануда. Бұл өңір жастары үшін заманауи IT-білімнің қолжетімділігін арттырады.
«Жаңа AI университеті – Qazaq AI Research University туралы жеке атап өткім келеді. Бұл – жасанды интеллект саласындағы мамандандырылған зерттеу университеті. Университетке AI-Enabled University ерекше мәртебесі берілген. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Университет AI+X моделі бойынша жұмыс істейді. Бұл модель әртүрлі кәсіби бағыттар бойынша мамандар даярлауды көздейді. Жасанды интеллект әр мамандық бойынша оқытудың бір бөлігі болады. Студенттер AI технологияларын үйренеді. Оларды нақты кәсіби салада қолдануды да меңгереді. Университет халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Қытай Халық Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері және Финляндияның жетекші университеттері мен зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық орнатылған. Сондай-ақ халықаралық AI-оқыту платформасын құру жоспарлануда. Бұл білім беру бағдарламаларын кеңейтуге мүмкіндік береді. Әртүрлі елдерден студенттерді тартуға жол ашады», — деді жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі.
Тағы бір маңызды нәтиже – мектеп оқушыларының AI құзыреттерін дамыту. Сайыстарды Қазақстанның Спорттық бағдарламалау федерациясы ЖИ министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды. Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадаға 106 елден 479 қатысушы қатысты. Биыл олимпиада UNESCO қамқорлығымен өтті. Бұл оның халықаралық ауқымын көрсетеді. Сондай-ақ AI білім беруді дамытудағы маңызын айқындайды. Қазақстан құрамасы 8 қатысушыдан құралды. Олар елімізге 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль әкелді. Даужан Бекетов алтын медаль иеленді. Ол абсолюттік әлемдік есепте 2-орынға ие болды. Жалпы, жаңа оқу жылына дайындық – бұл мектептердің техникалық дайындығы ғана емес.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі білім берудің бірыңғай цифрлық ортасын қалыптастыруда. Бұл – тұрақты интернет пен заманауи цифрлық сервистерден бастап, жасанды интеллект саласында кадрлар даярлаудың практикалық бағдарламаларына дейінгі тұтас экожүйе.
#Білім беру #Цифрландыру #Үкімет отырысы
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу