Нұр-Сұлтаннан Жасыбайға дейін: Қазақстанда «Киелі Қазақстан» көпкүндік салт аттылар экспедициясы басталады

А.ж. 21 маусым күні сағат 9.00-де Нұр-Сұлтан қаласында «BalQaragai» демалыс аймағына қарсы тарапта Сарыарқа бойынша көпкүндік «Киелі Қазақстан» экспедициясы басталады.  Кәсіби мамандар он күн ішінде Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Бұйратау, Баянауыл ұлттық парктерін жүріп өтеді. Салт аттылар тәулігіне 50-60 шақырымды еңсеріп, жақын маңдағы ауылдарға тоқтайтын болады. 

Экспедиция ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитетінің бастамасымен жүзеге асады. Экспедицияны ұйымдастырушы - «Kazakh Tourism» ҰК, маршрутты жасаған және экспедицияны өткізетін ұйым - «QazaqGeography» РҚБ. 

Жобаның мақсаты — атқа міну мәдениетін насихаттап, Қазақстанда атты туризмді дамыту. Шара барысында қатысушылар салт аттылар бағытындағы қызықты мекендерде тоқтайды. Экспедиция нәтижесінде атты туризмді белсенді дамыту үшін қолдануға болатын бағыттар анықталады. Ол жерлер нақты координатаралармен, сапалы фото және бейнематериалдармен қамтылып, толық сипатталады. Әрі қарай бұл ақпараттың барлығы отандық туркомпанияларға беріледі. 

«Атбегілік Қазақстан туризмін жаңа бағытқа қарай бұрады деп есептеймін. Алматы облысында бірнеше Көлсай көлдері, Кетмене, Ассы аймақтарындағы бағыттар туристер сұранысына ие. Дәл осындай маршруттарды Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында жүзеге асыру қолға алынып отыр», - дейді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ төрағасының орынбасары  Қайрат Сәдуақасов. 

Экспедицияның соңғы нүктесі - Баянауыл ұлттық паркінің аумағында орналасқан Жасыбай көлінде 29 маусымға жоспарланған. 

Аталмыш жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға елеулі үлес қосатындығын атап өту қажет. Сондай-ақ Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған атқа міну мәдениетін жаңғыртуға байланысты тұсына сәйкес келеді.

«Экспедициясының мақсаты — атты туризмді дамытуда жаңа туристік бағыттарды жасау және туған жерімізді зерттеу. Оған қоса, экспедиция туралы материалдар Қазақстанның туристік дестинация ретінде танылуына және халықты ішкі туризмге тартуға ықпал ету. Экспедиция нәтижесінде еліміздің табиғи нысандары бойынша жаңа туристік бағыттар, сапалы фото-және видеобанктер құрылады. Олардың қазіргі жағдайы туралы өзекті ақпарат алынады, иллюстрацияланған жолнұсқа жасалатын болады», - дейді «QazaqGeography» РҚБ ғылыми және экспедиция қызметі бойынша департаменті директоры Нұржан Алғашов. 

Экспедицияның толық жүріп өтетін орындары: Нұр-Сұлтан қ. – Приречное ауылы – Қарағайлы археологиялық кешені  – Соколиные горы (Бұйратау ҰТП) – Балықты ауылы – Алғабас ауылы – Белодымовский кордон, Қараағаш (Бұйратау ҰТП ) – Әлкей Марғұлан ауылы – Қарабұлақ ауылы – Теңдік ауылы– Семізбұға ауылы – Шалқар ауылы –  Бұхар Жырау кесенесі – Жаңатілек ауылы –  Егіндібұлақ ауылы  – Баянауыл –  Жасыбай көлі (Баянауыл ҰТП) – Нұр-Сұлтан қ.  

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу