23 Қыркүйек 2025, 12:23
Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанының барысы қаралды. Жиында Олжас Бектенов өзге де мәселелермен қатар шаруаларды отынмен қамтамасыз ету жайына тоқталды. Ол әкімдіктерге Энергетика министрлігімен бірлесіп, алдын ала мәлімделген сұранысқа сәйкес астық кептіру үшін қосымша сұйытылған газ бен дизель отынын бөлуді тапсырды.
Өз кезегінде энергетика министрі Ерлан Ақкенженов диқандарды қолжетімді жанармаймен қамтамасыз ету туралы баяндады. Оның айтуынша күзгі дала жұмыстарына дайындық шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді (АШТӨ) дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесі жоспар бойынша жүруде.
«24 маусымда Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері осы жылғы 1 шілде мен 31 қараша аралығына «2025 жылғы күзгі дала жұмыстарына 422 мың тонна дизель отынын беру кестесін» бекітті. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің тапсырмасын орындау мақсатында күзгі дала жұмыстарына қосымша 20 мың тонна және астық пен майлы дақылдарды кептіруге қосымша 40 мың тонна дизель отыны бөлінді. Биыл АШТӨ-ге бөлінген дизель отынының жалпы көлемі 863 мың тонна болса, оның ішінде көктемгі дала жұмыстарына 401 мың, күзгі дала жұмыстарына 422 мың және кептіруге – 40 мың тонна арналды», — деді ол.
Министрдің айтуынша, бұған дейін 2 жыл бойы өңірлерге жеткізу үшін дизель бағасы литріне 228 теңге болған. Ал ол түпкілікті тұтынушы – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде литріне 250 теңге болып жеткен. Өйткені, дизель отынын жеткізуші операторлардың маржасы – литріне 22 теңге, бұл автожанармай құю стансасының маржасынан едәуір жоғары. Сол себеп, Энергетика министрлігі ұсынатын дизель отынының қазіргі бағасы тағайындалған стансаға дейін литріне 232 теңгені құрайды. Түпкі бағаны операторлар белгілейді және ол литріне 254 теңгені құрауы мүмкін.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бөлінген дизель отынын жеткізуде ашықтық пен бақылауды қамтамасыз ету үшін келесідей шаралар қабылданды. Біріншіден, жеке ПИН-кодтар берілді, сандық таңбалау арқылы жүзеге асатын бұл тәсіл отынның нақты жеткенін анықтауға мүмкіндік береді. Екіншіден, дизель отынының түсі сары, көк және қызылға боялды. Түспен таңбалау арқылы оны бірден ажырату оңай болмақ. Одан бөлек, электронды шот-фактура жүйесіне дизель отыны үшін бөлек виртуалды қойма құру жөнінде шаралар қабылданды. Шілде-қыркүйек айларында 391 мың тоннаның 238-і немесе 60%-ы жөнелтілді. Оның ішінде шілдеде жоспарланған 54-тен 48 мың тонна немесе 88%-ы, тамыз айында 168-ден 152 мыңы, яғни 90%-ы, қыркүйекте 168-ден 38 мың тоннасы немесе 22%-ы берілді. Енді қазан айындағы жоспар – 24 мың тонна, қараша айындағысы – 6,8 мың тонна. АШТӨ-ге дизель отынын жөнелту Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында», — деді Ерлан Ақкенженов.
#АӨК #Энергетика #Үкімет отырысы
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу