Мәжілісте Үкіметтің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі оқылды

Парламент Мәжілісінде ҚР Үкіметінің  «2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы» есебі оқылды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев депутаттар алдында баяндама жасады.

Е. Жамаубаев өз сөзінде республикалық бюджет кірістері 101,9%-ға атқарылып, 16 трлн теңгені құрағанын атап өтті. Жоспар 310 млрд теңгеге, оның ішінде салық түсімдері бойынша 210 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша асыра орындалған негізгі сома қосымша құн салығына тиесілі. Бюджет шығыстары 98,6%-ға атқарылып, 18,5 трлн теңгені құрады.

Бюджеттің кіріс бөлігі негізінен макроэкономикалық көрсеткіштерге байланысты, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру жөніндегі шаралар есебінен ұлғайды.

2022 жылы үш мемлекеттік бағдарлама және 10 ұлттық жоба жүзеге асырылды, олар мемлекеттік жоспарлаудың жүйесін іске асыру аясында бекітілді. Осылайша, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыруға 227 млрд теңге бөлінді, 201 млрд теңге игерілді.  

Есепті жылы 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 130,7 мың отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарғанын атап өтті.

 «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 9 мың уақытша жұмыс орны құрылды.

Сондай-ақ 2022 жылы камералдық бақылаумен шамамен 11,8 трлн теңгеге мемлекеттік сатып алудың 545 мыңнан астам рәсімі және 2,3 мың аудиторлық іс-шара өткізілген. Тексеру қорытындысы бойынша 337 млрд теңгеге қаржылық заң бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері тауарларды жеткізу арқылы қалпына келтіру, қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және оны есепке алу жолымен 319 млрд теңгеге қаржылық заң бұзушылықтар жойылды.

Сөз соңында Ерұлан Жамаубаев 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті қарау кезінде 33 ұсыныс берілгенін, оның ішінде 22 іс-шараның орындалғанын айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу