Парламент Сенатында ұлттық экономика министрінің Қазақстанның инвестициялық саясаты туралы баяндамасы тыңдалды

Сенатта Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен тартымдылығы тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров инвестициялық саясатты жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Ұлттық экономика министрлігі басшысының айтуынша, күрделі сыртқы ахуалға қарамастан, 2022 жылы Қазақстан экономикасының нақты өсімі 3,2%-ды құрады.

«$28 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартылды, бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш, өсім 18% болды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты мәнде 8%-ға өсті. Сыртқы сауда айналымы 32%-ға өсіп, $134 млрд-ты құрады», — деді ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыров.

Сонымен қатар министр экономикадағы шағын және орта бизнес үлесінің өскенін атап өтті. Оның айтуынша, жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 27%-ға өсіп, 1,8 млн-нан асты.

«Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 13%-ға артып, 3,9 млн адамға жетті. Нәтижесінде экономикадағы ШОБ үлесі 33,5%-дан 36%-ға дейін өсті», — деді Әлібек Қуантыров.

Одан кейін Әлібек Қуантыров министрліктің биылғы инвестициялар тарту жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Мәселен, биыл негізгі капиталға инвестициялар 18,3 трлн теңгені құрамақ, бұл өткен жылдың қорытындысынан 22%-ға артық. ШОБ-ты жүйелі қолдау шаралары кеңейтілді.

«Үкімет алдына инвестиция тарту бойынша өршіл міндеттер қойылды. Өткен жылдың шілде айында жаңа инвестициялық циклды қалыптастыруға және жаңа трендтерді, оның ішінде ESG стандарттарын ескере отырып, инвестицияларды тарту саясатын қайта қарауға бағытталған Қазақстанның 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Бүгінгі таңда заңнама аясында инвестицияларды мемлекеттік қолдаудың кең ауқымды шаралары қолданылады. Инвестициялық преференциялар ретінде  негізгі секторларда жұмыс істейтін компаниялар салықтар мен кедендік баждардан, заттай гранттардан босатылады», — деді Әлібек Қуантыров.

Биыл инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жұмыс одан әрі жалғасады.

#Инвестициялар #ҚР Ұлттық экономика министрлігі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу