ҚР Парламенті Үкімет пен Республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы есебін бекітті

Депутаттар ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында республикалық бюджеттің 2016 жылғы орындалуы туралы есептерді бірауыздан бекітті.

ҚР қаржы министрі Б. Сұлтановтың мәліметі бойынша, өткен жылдың бюджетін орындау кәсіпкерлікті ынталандыру мен жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы экономиканы жандандыруға бағытталған. Көлік саласында ұсынылатын қызметтердің көлемі, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы өнімдерін шығару көлемі ұлғайтылды, осылайша экономика өсімі 1%-ды құрады.

Экономиканы дамытуды одан әрі ынталандыру үшін салықтық тексерістердің саны биыл 37,5%-ға төмендетіледі. Жаңа Салық кодексінің жобасында тексеріс жүргізуге негіз болып табылатын нормалардың 56%-ын жою көзделген.

Бюджеттік бағдарлама аясында қаражаттарды қайта бөлу үшін мемлекеттік органдардың өздігінен әрекет етуін кеңейту жоспарланған, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шотындағы қаражаттарды пайдалану реттеліп жатыр. Бюджеттік қаражаттарды пайдалануға жауапкершілік пен оны бақылау жұмыстары күшейтілуде.

Отырыс барысында экспорттаушыларға ҚҚС қайтару тетіктерін, квазимемлекеттік сектор компаниялары қызметтерінің тиімділігін жетілдіру мәселелері қозғалды. Цифрлық технологияларды енгізу, ұлттық компанияларда бизнес үдерістерді автоматтандыру активтерді басқаруды жақсартып, қаражаттарды үнемдеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді.  

ҚР Парламенті депутаттарының сұрақтарына ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Д. Ақышев, ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т. Дүйсенова, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ө. Шөкеев жауап берді.

Бірлескен отырысқа Конституциялық кеңестің, Жоғарғы сот, ОСК, Республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі есеп комитетінің, Ұлттық банктің басшылары, мемлекеттік органдардың басшылары, ҚР Президенті Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Бірлескен отырыс аясында Конституциялық кеңес төрағасы И. Рогов «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» баяндамасымен таныстырды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу