Әлеуметтік маңызды жүктерді тасымалдау толықтай қамтамасыз етіледі — ҚТЖ

Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ президенті Оралхан Құлақов компанияның 2017 жылдың 10 айындағы қызметінің қорытындысы туралы мәлімдеді.

Оралхан Құлақовтың айтуынша, осы жылдың 10 айында жүк айналымы өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 11%-ға өсіп, 216,7 млрд тонна-километрді құрады. Өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда тиеу 12%-ға ұлғайтылды.

Спикер қатынаудың барлық түрлері бойынша көрсеткіштердің өсімі көмір, темір кені, құрылыс жүктері, химиялық заттар мен тыңайтқыштарды тасымалдаудың ұлғаюына байланысты екенін атап өтті.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ұлттық операторы әлеуметтік маңызды жүктер — көмір мен астық тасымалын толықтай қамтамасыз етеді. 2017 жылдың 10 айында «ҚТЖ» ҰК 83,9 млн тонна көмір тасыған, бұл өткен жылдың деңгейінен 11 млн тоннаға немесе 15%-ға жоғары көрсеткіш», — деді Оралхан Құлақов.

Қазақстандық тұтынушылар үшін ел ішінде 56,6 млн тонна тасымалданған. Осы жылдың соңына дейін 107 млн тоннаға жуық көмір тасу көзделген, бұл 2016 жылдың нәтижесінен 17%-ға жоғары көрсеткіш.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ президенті компанияның Қазақстан өңірлеріне көмір тасымалдау үшін вагондары жеткілікті екенін айтып өтті. Қазіргі таңда «ҚТЖ» ҰК паркінде «Қазтеміртранс» АҚ-ның ашық вагондар паркі іске қосылған, олардың үлесі Қазақстандағы жалпы ашық вагондар паркінің 40%-дан астамын құрайды.

Әкімдіктермен бірлесе отырып, көмір қорын уақытылы жиынтықтау бойынша алдын ала жүргізілген жұмыстардың арқасында, Қазақстанның барлық жылу электр стансалары қажетті көмір қорымен қамтамасыз етілді.

Астық тасымалы туралы айтар болсақ, биыл 10 айда 6,7 млн тоннасы тасымалданған.

Қорытындылай келе, О. Құлақов вагондар айналымының шарттарын сақтаған жағдайда, астық тасымалдаушы және жабық вагондар дәндік баламада 1,5 млн тонна астық пен ұнды қамтамасыз етуге жеткілікті екенін мәлімдеді.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу