Бірінші вице-премьер Б.Сағынтаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына барды
Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына барды.
Күннің алғашқы жартысында бірінші вице-премьер 2011 жылғы желтоқсанда пайдалануға енгізілген су тасқынына қарсы Көксарай контррегуляторын қарап шықты. Мұнда Бақытжан Сағынтаев жоспарланған суармалы жерлерді кеңейту бойынша атқарылған жұмыстар туралы, сонымен қатар өңірдегі су шаруашылық жағдайы туралы ақпаратты тыңдады.
Түркістанда бірінші вице-премьер мақтадан бұйым шығаратын «Фараб» ЖШС барды. Одан әрі Бақытжан Сағынтаев қаланың кәріздік тазарту құрылысын салу барысымен танысты. Сонымен қатар, Түркістанда бірінші вице-премьер «Иманжанов» ЖК шағын тігін фабрикасының өнімдерін қарап шықты.
Шымкентте бірінші вице-премьер 2010 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» аясында құрылған «Оңтүстік» индустриалды аймағына барды. Индустриалды аймақтың аумағы 90 пайызды алып жатыр, бұл жерде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша 37,5 млрд.теңге сома көлемінде 42 жаңа жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Өткен жылы индустриалды аймақтың кәсіпорындары шығарған өнімнің көлемі 10 млрд. теңгені құраған.
Одан басқа, ағымдағы жылы Шымкентте жаңа индустриалды аймақтың ашылуы жоспарлануда. Техникалық-экономикалық негіздемесін (бұдан әрі - ТЭН) әзірлеуге қаржы бөлінді, жер учаскісін бөлу мәселесі шешілуде. Бірінші вице-премьерге берген ақпарат бойынша өңірде барлық қалалар мен аудандарда шағын индустриалды аймақтар ашылады деп жоспарлануда.
Бақытжан Сағынтаев «Оңтүстік» индустриалды аймақ аумағында «HILL Corporation» ЖШС, «SPIRIT Қазақстан» ЖШС және «Компания Юг Пласт» ЖШС кәсіпорындары шығаратын өнімдермен танысты.
Одан кейін Шымкентте бірінші вице-премьер «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үй құрылысының барысымен танысып, сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымдар, тұрғын үйлер, саябақтар және демалыс аумақтары нысандарын салу жоспарланып отырған қаланың әкімшілік-іскерлік орталығы құрылысын қарап шықты.
Сонымен қатар, облыс орталығында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жылыжай үшін мырышпен қапталған құбырлар және қосалқы материалдар шығаратын "Zero Max KZ" ЖШС және модульдік үйлерді шығаратын "АК ordasy building" ЖШС зауыттарына барды.
Одан басқа, Бақытжан Сағынтаев Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының (КҚКО) қызметімен танысты, онда кәсіпкерлерге арналған құжаттарды рәсімдеу және рұқсат беру, жобаларды қаржыландыру және консалтингті оқыту қызметтері көрсетіледі.
Бақытжан Сағынтаев КҚКО мәжіліс залында өңірдің кәсіпкерлерімен кеңес өткізіп, онда облыстағы бизнес қауымдастығын мазалап жүрген көкейкесті мәселелерді талқылады.
Бірінші вице-министр биыл Кәсіпкерлік қызметін мемлекеттік реттеу тұжырымдамасы әзірленетін болады деп ескертті. Сонымен қатар, рұқсаттардың біріңғай тізімін белгілейтін заң әзірленетін болады, бұл ретте рұқсаттар берудің барлық рәсімдерін автоматтандыру жоспарлануда.
Бақытжан Сағынтаев бизнесті тексеру жүйесін жетілдіру және реттеу жұмыстары жалғасуда деп атап өтті.
- Ең бастысы, кәсіпкерлікті қолдау өңірлік деңгейге ауысатын болады. Осы орайда біз «Іскер климат» рейтингіне енейін деп жатырмыз. Бұл бойынша өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту жағдайын бағалап, сонымен қатар, осы бағытта әкімдердің жұмысына баға беретін боламыз, - деп мәлімдеді бірінші вице-премьер.
Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев өңірге сапары қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы активімен кеңес өткізді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз