ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев Мәскеуде ЕЭК Кеңесінің отырысына қатысты
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің отырысына қатысты.
2016 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске, Еуразиялық үкіметаралық кеңеске сонымен бірге, ЕЭК Кеңесіне төрағалық етеді.
ЕЭК Кеңесінің отырысы қазақстандық тараптың төрағалығымен өтіп жатқан ағымдағы жылдағы алғашқы отырыс болып табылады.
Кеңес мүшелері 2016 жылғы 1 ақпаннан бастап жаңа құрамдағы ЕЭК алқасы жұмысының басталуын есепке ала отырып, Комиссияны реформалау мәселелерін қарастырды.
Отырыс барысында ортақ фармацевтикалық нарықты құру бойынша бірқатар актілер талқыланды. Бұл қауіпсіздікті арттыруға және медициналық дәрі-дәрмек пен заттардың сапасын жақсартуға жағдай жасап, ЕЭО елдерінің нарығында олардың қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, мұнай өнімдері мен газды, мұнайдың ортақ нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы бойынша ЕЭО-ның Жоғары және үкіметаралық кеңесі шешімдерінің жобасы мақұлданды. Мұндай нарықтар алдағы уақытта мүше-мемлекеттердегі энергия жүйесін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Комиссияға өкілетті органдармен бірлесе отырып, ЕЭО жаңа Кедендік кодексі жобасының жұмысын жеделдету жүктелді. Аталған құжатты қабылдау кедендік рәсімдерді жеңілдетуге, кеден қызметі жүйесіне халықаралық үздік тәжірибені енгізуге бағытталған.
Жалпы алғанда ЕЭК Кеңесінің отырысына қатысушылар елуден астам мәселені қарастырды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз