ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Семей қаласында 40 тұрғынға пәтер кілттерін табыстады

Әлихан Смайылов Қарағайлы шағын ауданындағы көпсалалы мәдени-спорттық кешеннің ашылуына қатысып, тұрғындарға жаңа пәтер кілттерін табыстады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов пен ШҚО әкімі Даниал Ахметов Қарағайлы шағын ауданында орналасқан үйлерден 40 азаматқа пәтер кілттерін табыстады. Баспана иелерін қуаныштарымен құттықтап, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен елімізде әлеуметтік салаға зор көңіл бөлініп келетінін ерекше атап өтті.

Биыл Шығыс Қазақстан облысында 122 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған, бұл сегіз мыңнан астам пәтер. Оның 25-і, яғни 1493 пәтер қолданысқа берілді. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары мен үй кезегінде тұрған 2665 адам қоныс тойын тойлайды. «7-20-25», «Бақытты отбасы» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары арқылы көп балалы, толық емес және ерекше күтімді талап ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жеңілдік шаралары қарастырылған. Айта кету керек, жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тұрған 440 көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасы баспаналы болды.

Бұдан кейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов бірегей спорт кешенінің жұмысымен танысты. Екі жыл ішінде бой көтерген бірегей кешеннің мәдени-спорттық шараларды өткізуге арналған үлкен залы бес мың орынға арналған. Әлемдік стандарттарға сай спорттың сан түрлерінен жарыстар өткізу мүмкіндігі бар. Нысанның жалпы аумағы – 33,8 мың шаршы метр. Ірі кешеннің құрылысын жергілікті «Фирма АЗИЯ» ЖШС жүргізді.

Әлихан Смайылов сондай-ақ, жаңа кешенде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты.

«Шығыс Қазақстан облысы Тәуелсіздік жылдарында еліміздің жетістіктеріне айтарлықтай үлес қосты. Индустриалды және аграрлық аймақ тантал, мыс, мырыш және кейбір ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде жетекші орында. Облыс субсидияланған бизнес-жобалар саны, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы жасалған келісімдер саны бойынша елімізде бірінші орында. Республикадағы алғашқы роботты хирургия орталығы, нейрохирургиялық гибридті операциялық зал Шығыс Қазақстанда ашылды. Екі жыл ішінде барлық мектептер АT-сыныптармен жабдықталды. Білім беру және медициналық қызмет сапасы үнемі өсіп келеді. Мұның бәрі азаматтардың әл-ауқатын арттыруға кепіл», — деді Әлихан Смайылов.

Тәуелсіздік туы желбіреген 28 жылдың ішінде өңірдің жеткен жетістіктеріне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов толығырақ тоқталып өтті.

«Біз осы тарихи кезеңмен мақтанамыз, себебі іргемізді бүтіндеп, тіл және мәдениетімізді қайта жандандырдық. Елбасымыздың салихалы саясатының арқасында, дұрыс таңдалған бағдарын ұстана жоғары жетістіктерге жеттік. Бүгінде өзімізді тәуелсіз, қуатты және табысты Қазақстанның азаматтары деп зор сеніммен айта аламыз. Біз ежелгі қазақ жерінде тағдыры ортақ Ұлы Дала Елі тарихымен біргеміз», — деді Даниал Ахметов. — «Болашақ бүгіннен басталады» – Нұрсұлтан Назарбаевтың іргелі саяси философиясы прогресс пен жасампаздыққа бағытталған ел дамуының стратегиялық бағытын айқындап берді. Біздің болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарын сақтау және нығайту».

Салтанатты шара барысында 50 шығысқазақстандық азаматқа мемлекеттік наградалар мен ордендер табыс етілді. Бес тұрғынға «Шығыс Қазақстанның құрметті азаматы атағы» берілді. 

Марапатталушылар ішінде «Парасат» орденін ғалым Арап Еспенбетов, «Абай Құнанбаев» қорының негізін қалаушы Балтабек Ерсәлімов «Құрмет» орденін иеленді. Шара соңы қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу