08 Сәуір 2019, 16:13

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында өмір сүруге қолайлы орта құру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Жайлылық дегеніміз, ең алдымен, баспананың қолжетімділігі, сапалы инфрақұрылым, ыңғайлы және қауіпсіз ауланың болуы. Мұнда пәтер иелерінің кооперативінің (ПИК) дұрыс жүйеленген жұмысы үлкен рөл ойнайды.
Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданы әкімдігінің өкілі Ернар Қиябаев РrimeМinister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында ПИК жұмысының сапасын қалай тексеруге болатынын және тұрғындардың қаражаттары қайда жұмсалатынын айтып берді.
— Ернар Қасымұлы, ПИК қызметтерінің құны қалай анықталады? Тұтынушылар қандай қызмет үшін ақы төлейді? ПИК жалпы үй қажеттілігіне (ЖҮҚ) жұмсалатын электр энергиясына төлемді реттей ме?
— Пайдалану шығындарының тарифі үй-жайлар мен пәтерлер иелерінің жиналысында бекітіледі. Үкімет қаулысымен бекітілген есеп әдістемесіне сәйкес алдын-ала смета дайындалады. Сметада үйдің шаршы көлемі, күрделілігі және басқа да параметрлері көрсетіледі. Дауыс берілгеннен кейін, жалпы жиналыс хаттамасының негізінде аталған тарифті бекіту туралы шешім қабылданады.
— Бұл қаражаттар қайда жұмсалады?
— Негізгі шығындар инженерлік желілерді, жалпы мүлік бөліктерін қамтуға, оны жөндеуге жұмсалады.
Бүгінгі таңда Мәслихаттың «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша коммуналдық қызметтер көрсету ережелері» шешімі бар, онда 4 тармақта нақты жазылған: егер тұрғындар ЖҮҚ төлеу құқығын ПИК-ке өткізсе, онда ПИК сәйкесінше оларды төлеуі тиіс. Егер тұрғындар хаттама шешімімен оны ПИК-ке өткізбесе, онда «Астанаэнергосбыт» аталған есептерді тікелей, яғни әрқайсысына жекелей есептеп жібереді.
— ПИК көрсететін қызметтер сапасын қалай тексеруге болады?
— Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына сапасыз қызмет көрсетілетіні, уақытылы жуып-жиналмайтыны, жоспарлы тексерулер жүргізілмейтіні туралы шағымдар түсіп жатады. Бұл ПИК атқаруы тиіс негізгі жұмыстар. Бұл орайда “кондоминиум нысанын басқару органы” ұғымы бар, ол жалпы жиналыс шешімі бойынша сервистік компаниялармен келісімшарт жасасуы тиіс. Яғни, кондоминиумның жалпы мүлкін күтіп-ұстау ережелері басқару органының сервистік ұйымдармен келісімге келуін қарастырады. Оған 10 жұмыс түрі кіреді. Негізгілері — кондоминиум нысандарының инженерлік жабдықтары мен конструкцияларының техникалық жай-күйін жоспарлы тексеру, дезинфекциялар жасау, апаттарды жою, ағымдағы жөндеу жұмыстары, күрделі жөндеу жұмыстары т.б.
— ПИК нашар жұмыс істесе, қайда жүгінген жөн? Қайда шағымдануға болады? «Жосықсыз ПИК» тізілімі бар ма?
— Әкімдікке әкімнің атына немесе Нұр-Сұлтан қ. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына (еск. - мұндай сапаны бақылау жүйесі барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істейді) жүгінуге болады.
Бүгінгі таңда 2018 жылдың наурыз айынан бастап тұрғын үй инспекциясының функциялары тұрғын үй қорын күтіп-ұстау саласындағы мемлекеттік бақылауды іске асыратын Нұр-Сұлтан қ. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына берілген. Мәселелерді тексеру парағы бар, біз оған сәйкес ПИК жұмысын тексереміз. Оған тоқсан сайынғы есепті ұсынбау, кондоминиумның әрбір нысанына ағымдағы жинақ есебінің болмауы, хаттамалардың сәйкестігі, ортақ мүлікті күтіп-ұстау шығындарының сметасының болуы, кондоминиум нысандарының тіркелуінің болуы енеді. Белгілі бір 13 мәселе бар. Егер бізге жүгінген болса, біз тексереміз.
2018 жылдың қорытындысы бойынша Басқарма барлық қызмет көрсететін ұйымдарға тексеру жүргізді. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 2069 үйге қызмет көрсететін 286 қызмет ұйымы бар. Осы тексерулердің нәтижесінде түсіп жатқан шағымдар саны азайғаны байқалды. ПИК қызметкерлері жұмыс істеп, өз жұмысының нәтижелерін көрсету керектігін түсінеді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өздеріне берілген ескертулерді жоймаған 27 ПИК материалдары сотқа жіберілді. Сот тәртібімен оларға 100 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, олардың ескертулерді жоюы міндеттелді. Қосымша Алматы, Байқоңыр, Есіл және Сарыарқа аудандарының әкімдерінің аппараттары ПИК деректерінің рейтингін жүргізуде.
— Сапаны бақылау жүйесі автоматтандырылған ба?
— Өткен жылы барлығы 100% е-КСК жүйесіне қосылды, ол өз кезегінде тоқсан сайынғы есептерді жариялауды қарастырады. Қазір мәселе туындамайды. Тұрғындар сайтқа кіріп, қаражаттарының қайда жұмсалатынын көре алады. Бұл мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Қазіргі кезде е-ПИК жүйесін енгізудің екінші кезеңі жүріп жатыр. Бүгінде БАҚ, әкімдіктің интернет-ресурстары арқылы хабардар ету бойынша үйлердің тұрғындарымен жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, «Тұрғын үй қатынастары туралы заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы енгізілді. Онда электронды дауыс беруге дейін қарастырылған. Министрлік республика бойынша е-Шаңырақ жобасын енгізуді қарастырып жатыр. Бірақ біз е-ПИК жүйесі е-Шаңырақ жобасымен кіріктірілетін болады деп ойлаймыз.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу