04 Мамыр 2017, 07:37
Бішкекте «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы мен Қырғыз Республикасының сауда-өнеркәсіптік палатасы ұйымдастырған қазақстандық өндірушілердің сауда миссиясы өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша 11,8 миллион АҚШ доллары сомасына өнімдер жеткізуге экспорттық келісімдер жасалды.
Іс-шараға химия өнімдерін, құрылыс материалдарын, азық-түлік, машина жасау, қаптау, фармацевтикалық өнімдерін өндіретін 30 қазақстандық өндіруші және қазақстандық тауарлар сатып алуға қызығушылық танытқан 120-дан астам қырғыз компаниясы қатысты.
Сапар аясында 8 қазақстандық компанияның «Халықтық» желісі – бүкіл Қырғызстан бойынша 54 супермаркет кіретін ірі сауда желісі басшылығымен кездесуі өтті. Қазақстандық өндірушілер осы желіге азық-түлік жеткізу туралы келісті.
«Біз қазақстандық өнімдерді біздің желіге жеткізуге қатты қызығушылық танытамыз. Атап айтқанда, кездесу қорытындысы бойынша, ас тұзын, ет өнімдерін, ұн, макарон, консерві сатып алуға келісімдер жасаймыз, био-пакеттер бойынша жұмыс мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», – деп атап өтті «Халықтық» желісінің коммерциялық директоры Екатерина Редькина.
Сондай-ақ, өткен форум аясында қазақстандық өндіруші «ШевронМұнайГаз» бен «ГазПромҚырғызстан» ААҚ арасында газ құбырына полиэтиленді құбырлар мен құбыр жүргізу арматураларын жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойылды.
«Шымкентцемент» АҚ өңірлік директоры Александр Ошурковтың айтуынша «компанияның қатысуы нақты нәтиже көрсетті және біз серіктестермен Қырғызстанға 12 мың тонна көлемінде цемент жеткізу туралы келісімге келдік».
«Қазақстандық компания Қырғызстанда азық-түлік сақтайтын көпбейінді қоймаларды тұрғызатын болады. «Қырғыз азық-түлік корпорациясы» ААҚ мен қазақстандық «Зауыт Металл Профиль» ЖШС компаниясы арасында келісімшартқа қол қойылған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау Қырғызстан үшін өте маңызды мәселе, ал қазақстандық компания оның шешімін ұсынады. Бұл үлкен жоба, біз қазақстандық компанияның осы іспен айналысатынына қуаныштымыз», - деді «KAZAKH INVEST» басқарушы директоры Асқар Арынов.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу