Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Талдықорғанды жылумен жабдықтауды дамытуға 5,7 млрд теңге бөлді

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты сенімді жылумен қамтамасыз ету бойынша қойған міндеттерін орындау шеңберінде Жетісу облысының Талдықорған қаласында жылумен жабдықтау нысандары құрылысын аяқтауға шамамен 5,7 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Қаражат қаланың жаңа Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында қазандық және жылу желілерін салу жөніндегі жобаларды аяқтауға бағытталады.

Жобаларды жүзеге асыру «Болашақ», «Көктем», «Бірлік» және «Құлагер»шағын аудандарындағы жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Талдықорғанның қолданыстағы орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне жалпы қуаты 400 Гкал/сағ 10 қазандық және 179 шақырым жылу желілері кіреді. Облыс орталығы халқының жыл сайынғы өсуін және жылу жүктемесінің артуын ескере отырып, жылумен жабдықтау инфрақұрылымын одан әрі дамыту қажет.

Қолданыстағы қуаттарды түсіру және жылумен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін қалада қуаты 49 Гкал/сағ жаңа қазандықтың құрылысы жүргізілуде, жобаның құны 11,1 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта нысанның құрылыс дайындығы – шамамен 60%. Жұмыстарды аяқтау биылғы қыркүйегіне жоспарланған.

Сонымен қатар жаңа қазандықтың толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданының жылу желілерін салу жобасы жүзеге асырылуда. Оны аяқтау осы жылдың күзінде де жоспарлануда.

Нысандарды іске қосқаннан кейін жылумен жабдықтаумен 2024-2026 жылдары салынған 120 көппәтерлі тұрғын үй және 17 әлеуметтік, коммерциялық және өзге де нысандар қамтамасыз етіледі. Жаңа шағын аудандардағы тұтынушылардың жалпы саны – 20 мыңға жуық.

Жобаларды жүзеге асыру Талдықорғанның жаңа аудандары үшін қажетті жылу қуатының резервін құруға, қолданыстағы инфрақұрылымға жүктемені азайтуға және алдағы жылыту маусымдарында қаланы жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 

#Жылумен жабдықтау #Президенттің тапсырмасы #Үкімет қаулылары #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу