ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен Үкіметтің бірінші отырысы өтті

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен ҚР Үкіметінің бірінші отырысы өтті. 

«Бүгінгі күннен бастап Үкімет мүшелері үшін жұмыстың жаңа кезеңі басталады. Біздерге Мемлекет басшысы тарапынан зор сенім артылды. Сонымен қатар, тек қана маған емес, барлығыңызға да, өйткені Үкіметтің жаңа командасы жасақталды. Және де біздер Мемлекет басшысының осы зор сенімін ақтауымыз қажет», - деді С.Ахметов Үкімет мүшелеріне.

«Біз Үкіметттің тиімді жұмыс істеуге әрі Мемлекет басшысының атқарушы билік алдына жүктеген міндеттерін шешуге қабілетті екендігін дәлелдеуге тиістіміз», - деп жалғады сөзін ол.

С.Ахметов жаңа Министрлер кабинеті сабақтастықты сақтайтындығын және бұған дейінгі Үкімет қалыптастырған тәжірибені пайдаланатындығын ерекше атап өтті.

«Үкімет мүшелерінің негізгі бөлігі өз орындарын сақтап қалды. бірақ бұл тоқмейілсушілікке желеу болмайды. Керісінше біздің қызметіміздің белсенді болуына бағыт-бағдар. Біздерге Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын нақты әрі жедел орындау қажет», - деді ол.

С.Ахметов Үкіметтің Парламент депутаттарымен, «Нұр Отан» фракциясымен сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыратындығына сенім білдірді. Оның пайымынша, қазіргі уақытта Үкіметте де және Парламентте де өте жақсы өзара іс-қимыл форматы қалыптасқан.

«Парламент қарауына Президент тапсырмасына сәйкес қабылданған барлық бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруға бағытталған жаңа үшжылдық бюджет жобасы енгізілді. Бірінші кезекті мінетіміз - осы құжатты қабылдау», - деп атап өтті ҚР Үкімет басшысы.

Бұдан бөлек С.Ахметов Қазақстанның БЭК аясында және ДСҰ-ға кіруі қарсаңында тиімді ықпалдастықты қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

«Біз әлемдік дағдарыстың қайталау тәуекелін жоққа шығармауымыз қажет. Үкіметпен тұрақты макроэкономикалық жағдайды қамтамасыз ету және экономика өсімін сақтауға бағытталған кезең-кезеңімен дағдарысқа қарсы жоспар әзірленді. Біз бұл үдерісті тыңғылықты мониторингтеуді және әлемдік экономика дамуының барлық қауіп-қатерлеріне шұғыл әрекет етуді жалғастырамыз», - деді С.Ахметов.

Сонымен қатар С.Ахметов ел Президенті өзінің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында атап өткен қоғамдық әлеуметтік жаңғыртуға септігін тигізетін заңнамаларға өзгерістер енгізу қажеттігі туралы мәлім етті.

Ол 2020 жылға дейінгі ел дамуының стратегиялық жоспарына сәйкес 5 басты бағыттың айқындалғанын, индустрияландыру, тұрғын үй құрылысы, білім беру, денсаулық сақтау, ауыз су және басқа да мәселелерге орай қажетті мемлекеттік бағдарламалардың қабылданғанын еске салды. 

«Біздің міндетіміз - осы бағдарламалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Ең бастысы - олардан қайтарым болуында. Егер де біз күтілетін нәтижелерді көрмейтін болсақ, онда қаражатты ертерек қайта бөлу қажет», - деді С.Ахметов.

Осы ретте Үкімет басшысы барлық бағдарламалардың орындалу барысына сараптама жасауға және қажеттілік туындаған жағдайда оларды түзетуге ұсыныстар енгізуге тапсырма берді.

Сондай-ақ С.Ахметов Министрлер кабинеті мүшелерін өңірлерді дамытуға бағытталған жаңа амалдарды ескере отырып, аймақтармен белсенді жұмыс істеуге шақырды.

«Үкімет жұмысындағы барынша күш жұмсауды қажет ететін басқа да маңызды мәселелерді ұмытпау қажет. Президент біздерге нәтиже шығаруға нұсқау берді. Біздерден шынайы нәтиже күтіледі. Біздер Мемлекет басшысының осы үмітін ақтауға тиістіміз», - деді ҚР Премьер-Министрі.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу