А. Маминнің жолдар бойынша берген тапсырмасы: жылыту және тамақтандыру пунктін құру, жолдарды тазарту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауа-райының қолайсыздығына байланысты жолдардағы жағдай қаралды.

Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев осы жылдың 16-22 желтоқсан аралығында елімізде 104 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, солардың салдарынан 39 адам қаза тауып, 158 адам түрлі дене жарақаттарын алғанын айтты.

Ауа-райы жағдайлары жолдардағы жағдайға кері әсерін тигізді. Температураның нөл градусқа дейін күрт көтерілуі және соның салдарынан көктайғақтың қалыптасуы, сонымен қатар жаңбыр мен қардың жаууының, тұманның әсерінен жолдың көрінуінің шектелуі — қала сыртындағы жолдардағы апаттылықтың артуына әкеліп соқты.  

Өткен аптада полиция төтенше жағдайлар бөлімшелерімен және «Қазавтожол» ҰК» АҚ-мен бірге 11 облыста республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда көлік құралдарының қозғалысын шектеді.

Жалпы ұзындығы шамамен 7,5 мың шақырым болатын республикалық маңызы бар жолдардың 57 учаскесі жабылды (7,272 км).

Ең қиын жағдай Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды.

Ішкі істер органдары коммуналдық қызметтермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кептелістерді жою, жолдарды тазарту, инертті материалдарды себу, эвакуациялау және азаматтарға шұғыл көмек көрсету шараларын орындады.

Шамамен 1 мың автомашина кептелісте қалған, барлығы қар құрсауынан 120-дан астам автомашина мен 900-ден астам адам эвакуацияланды. Эвакуацияланған азаматтар жақын маңдағы елді мекендерде орналасқан жылыту пункттеріне орналастырылды. Өңірлерде азаматтарға көмек көрсету үшін жедел штабтар құрылды.

Адамдарды құтқаруға ТЖК-нің 200-ден астам қызметкері мен 300 полиция қызметкері, 170 бірлік құтқару техникасы мен полиция машиналары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінің арнайы техникалары тартылған.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында күрделі жағдай сақталуда.

«Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды мәселе. Таяу уақытта, болжам бойынша, алда борандар болып, ауа температурасы төмендейді. Барлық қызметтер бұған дайын болуы керек», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне жолдарда жылыту және тамақтандыру пункттерін ұйымдастыруға жәрдемдесуді тапсырды.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және Қазавтожолға жолдарды қардан және мұздан тазартуға техниканы барынша тартуды тапсырамын. ҚР ІІМ автотрассаларда кезекшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысын жалғастырсын», — деді А. Мамин.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу