Денсаулық сақтау және білім беру жүйелерінің сапасын арттыру: Үкіметтік жұмыс тобы Павлодар облысына барып қайтты

8 қарашада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік жұмыс тобы Павлодар облысына барып қайтты. Жұмыс тобының құрамында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚР білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, ҚР денсаулық сақтау министрі Камалжан Надыров болды.

Үкіметтік жұмыс тобы Павлодар облысының жұртшылығымен кездесу өткізді. Өз сөзінде Премьер-Министрдің орынбасары Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін Үкімет қандай шараларды қабылдап жатқанын айтып берді.

«Биыл әлеуметтік салаға 7,5 трлн-нан астам теңге немесе республикалық бюджет шығыстарының 45%-ы бағытталды. 2020 жылға арналған бюджет жобасында әлеуметтік сала шығыстарының үлесі 47%-ға дейін артады. Бүгінгі таңда мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындауда. Мәселен, осы жылдың 10 айында 200 млрд теңгеден астам сомада атаулы әлеуметтік көмек төленді. 2,2 млн адам қамтылды, оның ішінде – 1,5 млн бала. Қаржыландыру көлемі 9 есеге өсті», — деді Б. Сапарбаев.

Сондай-ақ, Үкіметтік жұмыс тобы облыстың педагогтарымен және медицина қызметкерлерімен кездесулер өткізді, Ақсу ауданы Евгеньевка ауылының тұрғындарымен кездесті және бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Өңірдегі медицина қызметкерлерімен өткен кездесуде жалақыны көтеру, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу, медициналық қызмет сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны жақсарту және тағы басқа мәселелер талқыланды.

Өңірде халықтың МӘМС енгізу туралы ақпараттануының 52%-дан 85%-ға дейін жоғарылағаны байқалатыны атап өтілді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру едәуір артады. Үш жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалатын шығындар кем дегенде бір жарым есеге — 1,3 трлн теңгеден 2,5-3 трлн теңгеге дейін артуы керек.

Сондай-ақ, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және дәрі-дәрмектердің бағасын белгілеуге назар аударылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 7,8 мыңға жуық дәрі-дәрмек түрлері сатылады және олардың жартысының құнын мемлекет реттейді.

Бұған қоса, вице-премьер халықты дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.

«Келесі жылдың басында бізде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде ешқандай кідірістер болмауы үшін, қараша-желтоқсан айларында келесі жылға арналған барлық келісімшарттарды жасауымыз керек», — деді ол.


Облыс орталығында жұмыс тобының мүшелері өңірлік жедел жәрдем станциясының жұмысымен танысты. Павлодарлық 103 қызметінің автопаркінде 100-ден астам арнайы көлік бар. Барлық машиналар GPS сезбегімен жабдықталған, жедел жәрдем бригадаларының медициналық қамтылуы «С» санатының жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Бұл, Б. Сапарбаевтың айтуынша, мемлекеттің денсаулық сақтаудың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша қабылдап жатқан шараларының айқын дәлелі. 

Білім беру жүйесін дамыту және педагогтың мәртебесін арттыру тұрғысынан, келер жылдан бастап педагогтердің жалақысының орташа көлемін шамамен 30%-ға арттыру жоспарланғаны атап өтілді. Бұл мақсатқа шамамен 200 млрд теңге бөлінді.

Дарынды және талантты балаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Тұңғыш Президент – Елбасының қорымен бірге жақында Ақтөбеде бастау алған «Ел үміті» жобасы іске асырылып жатыр. Оның мақсаты — 1000-нан астам дарынды балаларды іріктеп алу, олардың білім алуына және талантын дамытуға қолдау көрсету. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарына да жақын арада елеулі қолдау көрсетіледі. Келесі жылдан бастап, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасы аясында еліміздің өңірлерінде оңалту орталықтары салына бастайды.

«Мемлекет өз азаматтарының әл-ауқатын жақсарту тұрғысынан ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Келесі жылдан бастап біз көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау бағдарламаларына өзгерістер енгіземіз. Егер бұған дейін әлеуметтік көмек алушылар өздерінің нақты кірістерін жасыра алса, онда 2020 жылдан бастап бұндай фактілер мүлдем болмайды. Сонымен қатар, Үкімет мұғалімнің мәртебесін арттырды және мұғалімдердің жалақысын 2 есеге өсіруді жоспарлап отыр», — деді вице-премьер.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары бастаған үкіметтік жұмыс тобы Ақсу қаласы мен оның ауылдық аймағында болды.

Вице-премьер осы жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құрылған мүгедек балаларға арналған «Ортопрот» оңалту орталығында болды. Орталықта бір жарым жастан 18 жасқа дейін тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға қызмет көрсетіледі. Ашылғаннан бері тірек-қимыл аппараты бұзылған 15 балаға көмек көрсетілді. Сондай-ақ, Евгеньевка ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға да барды.

Үкімет топ жұмыс сапарын Евгеньевка ауылының тұрғындарымен кездесумен аяқтады. Бердібек Сапарбаев Президенттің «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында жүктелген міндеттердің орындалуы туралы айтты. Ол мемлекет мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қолдау жұмыстарын күшейтетінін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу