Қ.Көшербаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы Қарағанды облысына сапар жасады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев бастаған Үкіметтік жұмыс тобы 18-19 қазанда Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды.

Жұмыс сапарының бірінші күні Үкімет делегациясы ұзындығы 988 шақырымды құрайтын «Жезқазған-Бейнеу» теміржол желісінің құрылыс барысымен танысты. Бұл жаңа жолдың 374 шақырымы Қарағанды облысының аумағы арқылы өтеді. Құны 561 млрд. теңгені құрайтын жобаның құрылысы 2016 жылы аяқтау жоспарлануда. Бұл жобаның арқасында Қазақстанның орталық облыстарынан Ақтау теңіз айлағынан шығатын ең қысқа жол қамтамасыз етілмек. «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев ағымдағы жылы екі үлкен жобаның - «Жезқазған –Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдарының құрылыстарын бастау туралы міндет қойған болатын.

Жезқазған қаласында вице-премьер «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің Жылу-электр стансасында болды және ТКШ бағдарламасы бойынша жаңартылған тұрғын үйлерді аралады, Ұлытау ауылында аудан жұртшылығымен кездесті.

19 қазанда делегация «Сарыарқа» арнайы экономикалық аумағында болды. Жалпы ауданы 534 гектардан асатын бұл мекеменің аумағында металлургиялық өнеркәсіп өнімдері, дайын металл бұйымдар, машиналар мен жабдықтар, автокөлік құралдары, компьютерлер, электр жабдықтары және т.б. өнімдердің өндірістеріне басымдық беріліп отыр. Қазіргі таңда 53 компания өз қаржылық қабілеттерін және өндіріс құруға деген ниеттерін қуаттап, АЭА-тың қатысушылары мәртебесіне ие болды. Қазіргі таңда зауыттар салу үшін 13 компанияға жер бөліп берілді.

Үкіметтік жұмыс тобы ат басын тіреген азық-түлік өнеркәсібімен айналысатын «Евразиян Фудс» АҚ «Халал» және «ЭКО» стандарттарының талаптарына сай келетін май-тоңмай өнімдерін өндіреді. 2008 жылы кәсіпорында азық-түлік өнеркәсібінің СТ РК ИСО 22000-2006 қауіпсіздік жүйесі енгізілсе, 2010 жылы – СТ РК ИСО 14001-2006 экологиялық менеджмент жүйесі және СТ РК ИСО 18001-2008 кәсіптік қауіпсіздік және денсаулықты қорғау жүйесі енгізілген.

Ал Теміртау қаласында жұмыс тобы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинаты мен «Теміртау электр-металлургиялық комбинаты» АҚ нысандарын араласа, Сарань қаласында – жаңадан салынып жатқан қазандықта және «ККК Бетон» ЖШС-нің темір-бетон құрылғыларын өндіру зауытында болды.

Жұмыс сапарының аясында сондай-ақ, облыс әкімдігінде Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс агроқұрылымдары өкілдерінің қатысуымен «АӨК-2020» және «Жайлау» бағдарламалары жобаларының таныстырылымдары өтті.

Ал облыс активімен болған кеңесте жұмыс сапарының қорытындысы шығарылды, өңірді дамытудың басымдықты бағыттары нақтыланды және өзекті мәселелер талқыланды. Қ.Көшербаев облыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іске асырылуға баға бере келе, металлургиялық және химиялық өнеркәсіптегі жаңа технологияларды енгізудің тәжірибелеріне тоқталды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу