Р. Скляр бастаған Үкіметтік комиссия Байзақ ауданындағы оқиға орнына барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасында орын алған өрт пен жарылыс салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия оқиға орнына барды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр бастаған, құрамында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және басқа да орталық мемлекеттік органдардың вице-министрлері бар комиссия зардап шеккен нысандарымен танысып, мән-жайға қанықты.  

Сонымен қатар делегация өрт салдарын жою жөніндегі жұмыстардың барысымен танысып, жараланған әскерилермен және өрт сөндірушілермен, жергілікті тұрғындармен кездесті. Вице-премьер жедел штаб отырысына қатысып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Айта кетейік, аталған комиссия алдына залалды бағалау және өрт пен жарылыс салдарын жою, зақымдалған инфрақұрылымды қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккендерге әлеуметтік қолдау, медициналық көмек шараларын көрсету бойынша міндеттер қойылған болатын.

Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі анықталуда, үкіметтік сараптамалық топ жұмыс жасауда. Барлық зардап шеккендерге көмек көрсетіледі.


Бірінші кезекте тұрғын үйлер, кәсіпкерлік және инфрақұрылымдық нысандар қалпына келтіріледі. Оқиғаның себебін жедел тергеу тобы анықтайтын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу