Үкімет Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндаманы мақұлдады

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова ҚР мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндамамен таныстырды.

Айгүл Шайымова Агенттік мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндаманың жобасын алғаш рет дайындағанын атап өтті. Баяндама жобасы еліміздің мемлекеттік қызметінің даму кезеңдерін, жүйенің ағымдағы жағдайын талдауды, халықаралық сарапшыларды бағалауды, сондай-ақ осы саланы одан әрі жетілдіру жөніндегі мәселелерді қамтиды.

Атап айтқанда, бірінші бөлімде еліміздің стратегиялық құжаттарын іске асыру призмасы арқылы мемлекеттік қызметті дамыту кезеңдері келтірілген.

«Тәуелсіздік жылдарында аталған салада үш реформа жүргізілді. Олардың барлығы мемлекеттік трансформация процестерімен және мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырумен тікелей байланысты болды. Бұл бағытты институализациялау жұмыстары Президенттің «Мемлекеттік қызмет туралы» жарлығына қол қойылғаннан кейін басталды», — деді Айгүл Шайымова.

МҚСЖҚІА төрағасы орынбасарының айтуынша, бүгінде жүйелі реформалар нәтижесінде меритократия, тиімділік және қоғам алдында есеп беру принциптеріне негізделген бірегей модель құрылды.

«Еліміз 20 жыл ішінде Дүниежүзілік банктің «Үкімет тиімділігі» көрсеткіші бойынша рейтингісінде 65 орынға дейін көтерілді», — деп атап өтті Айгүл Шайымова.

Екінші бөлімде жалпы тәуелсіздік кезеңіндегі мемлекеттік қызметтің жай-күйінің талдауы қарастырылған.

Шолу көрсеткендей, қазіргі таңда көптеген көрсеткіштер бойынша қазақстандық мемлекеттік қызмет халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және олардың кейбіреуі бойынша озық. Мәселен, кейбір елдерден айырмашылығы, Қазақстанда мемлекеттік аппараттың қартаюы мен гендерлік теңгерімсіздік мәселелері жоқ. Мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы жақсарды: қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілердің 92%-ы жоғары білімді. Мемлекеттік аппараттың тұрақтылығы қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, Айгүл Шайымова мемлекеттік қызметшілерді одан әрі ынталандыру бойынша бүгінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«Өздеріңіз білетіндей, биылғы жылдан бастап еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі сынақтан өткізілуде. Пилоттық жоба төрт мемлекеттік орган негізінде жүргізіледі. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін қызметкерлер үшін ауылдық жерлердегі мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру үшін «Дипломмен – ауылға» жобасы таратылады. Бұл оларға тұрғын үйді сатып алуға және тұрғызуға әлеуметтік жеңілдіктер беруге жол ашады», — деді МҚСЖҚІА төрағасының орынбасары.

Тетік ретінде өңірлердің штаттық санын бөлудегі теңгерімсіздікті жою ұсынылады.

Ұлттық баяндаманың соңғы бөлімінде мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту келешегі және еліміздің әлемнің үздік отыз еліне енуін қамтамасыз етуге бағытталған міндеттер қарастырылған.

Жалпы құжат кәсіби мемлекеттік аппаратты одан әрі қалыптастырудың негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Мәселені қарауды қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Үкімет ҚР-дағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндаманы мақұлдайтынын атап өтіп, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне 1 наурызға дейін Премьер-Министрдің Кеңсесіне есеп беруді тапсырды. Кейін ол Президент Әкімшілігіне жіберіледі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу