Үкімет халықаралық рейтингтерде Қазақстанның позицияларын жақсарту шараларын қарады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің селекторлық отырысында Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингіндегі және басқа да рейтингтердегі Қазақстанның позицияларын жақсарту шаралары талқыланды. 

Бизнес ахуалды жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, құрылысқа рұқсат алу және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту тәртібін жеңілдету туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр, білім беру саласындағы халықаралық көрсеткіштерді жақсарту туралы ҚР білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, саудадағы индикаторларды арттыру шаралары туралы ҚР сауда және интеграция вице-министрі А. Асқарұлы баяндады. 

Осы жылғы сәуір айында Парламент жетінші заңнамалық түзетулерді қабылдады. Бұл түзетулерде құрылыс саласында «бір терезе» қағидатын енгізу, келісім-шарттарды орындау мәселесін оңтайландыру, салық салу саласында реформаларды іске асыру шаралары бар. Кәсіпкерлер арасында түсіндіру бойынша үлкен жұмыс атқарылды. 

«Қазіргі кезде Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша рейтингте әлемнің 190 елі арасында 28 орында. Жалпы, бұл рейтинг бизнесті жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған реформалардың қаншалықты тиімді екенін көрсетеді. Бұл, әрине, еліміздің инвестициялық тартымдылығына ықпал етеді және жаңа жобалар мен өндірістерді құруға қатысты мүмкіндіктерді білуге жол ашады», — деді А. Мамин. 

Үкімет басшысы Дүниежүзілік банктің еліміздің қалалары мен өңірлерінде бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінің қорытындысы бойынша Алматы қаласы мен Маңғыстау және Ақтөбе облыстары әкімдері (тиісінше 1, 2 және 3-орындар) тиімді жұмыс жасағанын атап өтті.

«Біз энергетика, темір жол көлігі, АКТ салаларында жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Сонымен қатар, халықаралық сауда, денсаулық сақтау және қаржы секторындағы көрсеткіштерді жақсарту бойынша жұмысты күшейту қажет», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы ҚР Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту  бойынша сегізінші түзетулер топтамасын Үкіметке ұсынуды тапсырды. Бұл топтама кәсіпорындарды ашу және меншікті тіркеу, құрылысқа рұқсат алу және электрмен жабдықтау жүйелеріне қосу кезінде инвесторлар үшін маңызды бизнес-процестерді жеңілдету реформаларын көздейді.

Асқар Мамин, сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі позициясын одан әрі жақсарту үшін бір ай мерзімде қолда бар іс-шаралар жоспарларын өзектендіріп, жаңа іс-шаралар жоспарын қабылдауды, сондай-ақ бағдарламалық құжаттарда осы рейтингтерде Қазақстанның ұстанымын жақсарту жөніндегі нысаналы индикаторларды бекіту мәселесін пысықтауды тапсырды.

«Қалалар мен облыстардың  әкімдері жүргізіліп жатқан реформаларды іске асыру және бизнес жүргізуге, инвестициялар тартуға қолайлы жағдайлар жасау, инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмысты күшейтуі қажет», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі орны мәселесі Үкіметтің Жобалық кеңсесінің тұрақты бақылауында болатынын атап өтті. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу