ҚР Үкіметі халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі бойынша заң жобасын қабылдады

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.  

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру және Мемлекет басшысының биыл ақпан айында ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары аясында әзірленген. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.

Аталған құжат республикалық бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңмен ұлғайтуды көздейді. Ынтымақты зейнетақы мөлшері жыл басында арттырылған 9%-ды ескергенде, 11%-ға ұлғайтылатын болады. Базалық зейнетақы мөлшері жыл басында арттырылған 7%-ды ескергенде, 13%-ға арттырылады. Нәтижесінде, 2016 жылғы зейнетақы мөлшерімен салыстырғанда 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы мөлшері 20%-ға дейін ұлғайтылатын болады. Зейнетақының өсуі зейнет жасындағы ел халқын немесе 2 млн-нан астам адамды қамтиды.

Жоғарыда көрсетілген өзгерістерді есепке алғанда, зейнетақының ең төмен мөлшері (базалық зейнетақыны есепке алғанда) 2016 жылғы 37 789 теңгеден 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 45 711 теңгеге дейін өседі. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны ескергенде) 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге дейін өседі.

Баланың туылуына орай берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 7%-ға өскен, ал 2017 жылғы 1 шілдеден бастап тағы 20%-ға арттырылатын болады. Нәтижесінде, 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда өсім 27%-ды құрайтын болады.

2016 жылы бірінші, екінші және үшінші баланың туылуына берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі 66 621 теңгені құраған, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап оның мөлшері 71 270 теңге болған, ал 1 шілдеден бастап 86 222 теңгеге дейін өсетін болады. Төртінші және одан да көп баланың туылуына берілетін мемлекеттік жәрдамақы мөлшері биыл 111 035 теңгені құраған, ал 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 118 мың теңгеге дейін өсті, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап оның мөлшері 142 947 теңге болады.

«Жалпы, жоғарыда аталған зейнетақы мөлшері мен баланың туылуына берілетін біржолғы жәрдемақыны өсіруге 2017 жылға арналған республикалық бюджетте қосымша 81,6 млрд теңге қарастырылған», - деді Т. Дүйсенова.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімін заң жобасымен 2018 жылдан 2020 жылға ауыстыру қарастырылған.  

Жалпы, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасымен ҚР 8 заңына түзетулер енгізу қарастырылған.  

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу