Қазақстан Үкіметі ДСҰ-на кіру жағдайында отандық машина жасау саласын қолдау шараларын әзірлеуде - К.Мәсімов

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қазақстан машина жасаушыларының II Форумына қатысты. 

Кәрім Мәсімов Форум қатысушыларына ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

«Соңғы төрт жылда Қазақстанның машина жасау саласы тұрақты өсіп келе жатыр. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығын іске асыру кезінде саладағы өнім көлемі екі еседен астамға артты. Атап айтсақ, 2010 жылы бұл көрсеткіш 376 млрд теңге болса, 2013 жылы 854 млрд теңге шамасында болды», - делінген құттықтау сөзде.

«2015 жылдан бастап Қазақстанда 2019 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қолға алынады. Бағдарламадағы 14 салалық басымдылықтың 6-ы машина құрастыру саласына тиесілі.

Машина құрастыру саласы индустриялды дамудың келесі тармағындағы қозғаушы күшке айналуы тиіс», - делінген құттықтау сөзде. Мемлекет басшысы Форум қатысушыларына «қазақстандық машина жасау кешенін нығайтуда жемісті жұмыс пен табыстар тіледі».

Форум қатысушыларына айтқан сөзінде Премьер-Министр әлем экономикасындағы жаңа қиындықтардың машина жасау саласының дамуына әсеріне назар аударды. «Сұраныс төмендейді, осыған байланысты өз стратегияларымызды жасауға дайын болуымыз қажет. Компаниялар ішінде резервтерді зерттеп, өнімділікті арттыру және қосымша шығындарды азайту мақсатында жұмыс жасау керек», - деді К.Мәсімов.

Сонымен қатар, Үкімет Басшысы атап өткендей, қазақстандық экономика әлемдегі жетекші компаниялармен кооперацияға біріктіру мүмкіндігі болуы үшін жаһандық экономиканың бір бөлігі болуы тиіс. Бұл шетелдік инвесторларға да қатысты.  

«Қазақстан аумағына келетін инвестор біріншіден, бүкіл әлем бойынша басқа компаниялармен кооперацияға бірігу мүмкіндігіне ие екеніне сенімді болуы тиіс, екіншіден, Қазақстан ойын ережелерін сақтайды», - деп толықтырды К.Мәсімов.

Премьер-Министр хабарлағандай, «осы факторлардың барлығы Үкіметтің макроэкономикалық саясатында кейбір өзгертулерді және кәсіпккерлік қоғамдастықпен тығыз кооперацияны талап етеді».

«Әлемдегі макроэкономикалық жағдайды және оның қазақстандық экономикаға әсерін ескере отырып, Қазақстан Үкіметі ДСҰ ережелері аясында қазақстандық кәсіпкерлікке, оның ішінде машина жасауға қолдау көрсету үшін ҚР Президентінің тапсырмасымен қазір іс-шаралар жоспарын жасап жатыр», - деп түйіндеді К.Мәсімов.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу