ҚР Үкіметі инвестициялар тарту бойынша іс-шаралардың Кешенді жоспары жобасын мақұлдады

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Үкіметінің кезекті отырысын өткізді.

Көктемгі егіс жұмыстарының барысы туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баяндады.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы 21,8 млн. га алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын себу жоспарланған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 313 мың га көп. Егістік дәнді-дақылдардың көлемі 15,9 млн. га аумақты құраса, оның ішінде бидай дақылы - 12,8 млн. га.

«27 мамырдағы мәлімет бойынша, жүгері мен күрішті есепке алғанда, дәнді-дақылдарды егу жұмыстары 9,4 млн.га немесе жоспарланған алқаптың 62% жүргізілді»,- деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Сондай-ақ, отырыста экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев ұсынған шетелдік және отандық тікелей инвестицияларды тарту бойынша іс-шаралардың Кешенді жоспарының және инвестициялық ахуалды жетілдіру жөніндегі заңның жобалары қаралып, мақұлданды.

Кешенді жоспар инвестициялық заңнаманы жетілдіруге, шетелдік жұмыс күшін тартуды, визалық режимді жеңілдетуге және тағы басқа да бірқатар шараларға бағытталған. Заң жобасы инвесторлармен жасалатын келісім-шарттардың тетіктерін қайта қарауды, инвестициялық артықшылықтарды кеңейтуді, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсартуды көздейді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев еліміздің 2030 жылға дейінгі отын-энергетикалық кешенін дамыту тұжырымдамасының жобасы туралы баяндады.

«Тұжырымдамада инвестициялық тартымдылық пен энергия тиімділігін, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ОЭК басқару тәсілдерін қайта қарастыру жоспарланып отыр», - деді Ә.Исекешев.

Техникалық реттеуді дамыту жоспарымен индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау таныстырды. 

ҰБТ-ға дайындық жұмысы туралы ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов баяндама жасады.

Министрдің мәліметі бойынша биыл мектеп бітірген 133 мың түлектің 92 мыңы немесе 72% ҰБТ тапсыру үшін тіркеуден өтті. 64 мың түлек ҰБТ қазақ тілінде, 28 мыңы орыс тілінде тапсыратын болады. «Алтын белгіге» үміткерлердің саны – 4400.

«ҰБТ 2 маусымнан 8 маусымға дейін 155 арнайы жарақтандырылған орындарда өтетін болады. Барлық орындарда штабтар мен мемлекеттік комиссия құрылды», - деді БҒМ басшысы.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу