ҚР Үкіметі 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы қаулы қабылдады

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, онда «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңын іске асыру туралы» қаулы, «Ақпараттық Қазақстан -2020» мемлекеттік бағдарламасы туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасы қабылданып, әлеуметтік-маңызы бар қызмет түрлерін электрондық үлгіге көшіру бойынша іс-шаралар талқыланды.

Отырысты ашқан Премьер-Министр ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік көрмесін өткізу құқығына ие болған Астананың жеңісімен құттықтады.

«Қазақстан бұл әлемдік бәйгеде шынымен де айқын басымдылықпен жеңді! Сөз жоқ, біз мұндай жеңіске еліміздің үлкен абырой-беделінің арқасында жеттік. Оған бүкіл дүниежүзі куә болды. Бұл – Елбасымыздың сара саясаты мен ерен еңбегінің жемісі! Бізге үлкен сенім көрсетілді. Сондықтан оны барлық дайындық жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен іске асыра отырып, ақтауымыз қажет»,-деді С.Ахметов.

Отырыс барысында қаржы министрі Болат Жәмішев үш жылдық бюджет туралы Үкімет қаулысының жобасы жөнінде баяндады. Республикалық бюджет шығыстарының негізгі басымдықтары халықты жұмыспен қамту, өңірлік даму, халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту, адами капиталдың сапалы өсімі, индустриялық-инновациялық даму, сондай-ақ, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті дамытуды қолдау болып табылады.

Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасын таныстыра отырып, бұл бағдарлама Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында берілген тапсырмаларды іске асыру шаралары туралы» Үкімет қаулысына сәйкес әзірленгенін айтты.
Бағдарлама төрт бағытты, атап айтқанда, мәдениет саласындағы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын жаңғырту, отандық ақпараттық контенттің өндірісін ынталандыру және мемлекеттің қызметін ақпараттық сүйемелдеу бағыттарын қамтиды.

«Бұқаралық ақпарат құралдарын техникалық жаңғыртудың аясында 2017 жылға қарай Қазақстан халқы 100% сандық сигналдарын қабылдау мүмкіндігіне ие болса, 2020 жылы 1 млн. адам ұлттық ғарыштық желіге қосылады, қазақстандық телеарналар 110 елдің аумағында көрсетілетін болады», деп хабарлады Д.Мыңбай.

ҚР көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиев тақырыпты жалғастыра келе, «бағдарламаның басты мақсаты мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қамтамасыз ету, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігі, сондай-ақ отандық ақпараттық кеңістіктің дамуы» екенін атап көрсетті.

Үкімет мүшелері сондай-ақ әлеуметтік маңызды қызметтер мен лицензиялардың барлық түрлерінің 60% электрондық үлгіге ауыстыру және мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру мәселелерін қарады.

«Жылдың соңына дейін барлық әлеуметтік-маңызды қызметтердің рұқсатнама құжаттары электрондық үлгіге ауыстырылатын болады», деді ҚР көлік және коммуникациялар министрі А.Жұмағалиев. «32 рұқсатнама түрінің электрондық форматы ілкі режимде іске қосылды, жылдың соңына дейін олардың саны тағы 48 рұқсатнама түрімен толығады», деп түсінік берді министр.

Отырыс барысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ағымдағы жылдың желтоқсан айында Қарағандыда мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылатынын хабарлады. Жаңа Орталық автокөліктерді тіркеу, мемлекеттік нөмір белгілерін беру, жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық және тәжірибелік емтихандар қабылдау, сондай-ақ жүргізуші куәлігін дайындау және беру қызметімен айналысатынын болады.

Министр сондай-ақ, еліміздің басқа да өңірлерінде осындай мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Үкімет мүшелеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу