ҚР Үкіметі инвестициялық климатты жақсарту және мұнай сервисі саласындағы дамыту мәселелерін қарады
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Үкімет отырысын өткізді, оның барысында инвестициялық климатты жақсарту бойынша шаралар талқыланды, сондай-ақ мұнай сервисі саласын дамыту мәселелері қаралды.
Үкімет мүшелері жергілікті мазмұн, лицензиялау және экологиялық төлемдер тұрғысынан инвестициялық климатты жақсарту бойынша Америкалық сауда палатасы сарапшыларының ұсыныстарын талқылады. Ұлттық экономика министрі Е.Досаев, энергетика министрі В.Школьник, инвестициялар және даму вице-министрі Е.Сағадиев баяндама жасады.
Баяндама жасағандар инвесторлар үшін әкімшілік тосқауылдарды төмендету бойынша шаралар кешенін әзірлеу туралы мәлімдеді. Атап айтқанда, Е.Сағадиев жергілікті мазмұнды дамытумен тікелей байланысты сатып алуды бақылау жүйесі «бюрократияланғанын» атап өтті. Алайда, вице-министрдің пікірінше, «оны жетілдірген кезде жағымсыз элементтерді жоя отырып, жағымдыларын сақтау қажет».
Жағымды жаңалық ретінде Е.Сағадиев сатып алулардың ұзақ мерзімді жоспарларын жариялауды, байқау жариялай отырып, электронды алаңда оларды өткізуді атап өтті. Сонымен бірге, вице-министр жүйе қалыптастырушы кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушылар үшін сатып алу жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстарды атады.
ҰЭМ басшысы Е.Досаев ведомствоның құрылыс саласында лицензия беру бойынша талаптарын қайта қарағанын хабарлады. Министр енді «архитектура, қала құрылысы және құрылыс саласында лицензия алу кезінде шетелдік тұлғалар мен қазақстандық кәсіпкерлік субъектілеріне бірдей талаптар ұсынатынын» басып айтты.
Бұдан өзге, ҰЭМ басшысы атап өткендей, жылдың соңына дейін «Өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы» заң жобасы әзірленеді, бұл олар құрылатын сфераларда рұқсаттарды қосымша қысқартуға алып келеді.
Мұнай сервисі саласын дамыту туралы инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев, ұлттық экономика министрі Е.Досаев, энергетика вице-министрі М.Мырзағалиев, «KAZENERGY» қауымдастығының, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылары баяндады.
Отырыс қортындысы бойынша Премьер-Министр сәйкес мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз