Премьер-Министр Сенаттың пленарлық отырысына қатысты

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов  Сенаттың пленарлық отырысына қатысты, онда  «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңдарына  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»   заң жобасы талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Мәжіліс депутаттарының қолдауына ие болған болатын.

Бюджет жобаларын Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов ұсынды.

Бірінші заң жобасын  ұсына отырып, спикерлер  бюджеттің кіріс бөлігінің шығынын шығысты оңтайландыру арқылы теңестіруді қамтамасыз ету мақсатында әзірленгенін атап өтті. 2012 жылғы республикалық бюджеттің кірісін қайта қарауға  2012 жылдың 9 айының нақты түсімдерінен келіп шығатын макроэкономикалық көрсеткіштер мен есептеулердің параметрлерін нақтылау негіз болды.

2012-2015 жылға арналған республикалық бюджет шығысының негізі басымдықтары халықты жұмыспен қамтуды арттыру, адам капиталының сапалы өсуі, индустриялдық-инновациялық даму, сондай-ақ халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету болып табылады.

Пленарлық отырыс аясында депуттар Үкімет мүшелеріне бірқатар сұрақтар қойды.

Жергілікті бюджеттің салық салынатын базасын кеңейту әдістері туралы сұраққа жауап бере келіп, Серік Ахметов «салықты бюджеттер деңгейі бойынша қайта бөлуге әлі ертерек» деп атап өтті. Алайда, «салықтық базаны кеңейту арқылы өңірлерді экономикалық ынталандыруды шешу жолдары ойластырылуда». «Арнайы заң жобасын әзірлеу барысында есепке алынатын бірқатар нақты ұсыныстар бар», - деп мәлімдеді С.Ахметов.

Үкімет басшысы Алматы қаласындағы  көлік  өткелінің құрылысын қаржыландыру туралы сұраққа да жауап берді. «Алматыдағы көлік түйінін шешу магаполис шеңберінен шығып кетті. Енді бұл Үкіметтік деңгейде және, осыны ескере отырып, нақтыланған бюджетте қаржыны қайта бөлуде біз құрылысы осы жылы аяқталуы тиіс өткелдерге қаражат бөлдік», - деді  С.Ахметов.

Сонымен қатар, Премьер-Министр «Алматыда жол құрылысын мемлекеттік-жекеменшіктік серіктестік ұстанымы бойынша жүргізудің барлық мүмкіндіктері бар» екеніне сенетінін білдірді. Мысал ретінде Серік Ахметов  концессия жағдайында салу жоспарланып отырған Үлкен Алматы  айналма көлік жолын атады.  «Егер бұл жоба жүзеге асса, бұл көлік инфрақұрылымындағы МЖС үшін жақсы мысал бола алады», - деп атап өтті Министрлер кабинетінің басшысы.

Пленарлық мәжіліс қорытындысында  Сенат депутаттары «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қабылдады.  Түзетулер енгізілген үш жылдық бюджет туралы заң жобасы Мәжіліске жіберілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу