Премьер-Министр елорданың даму мәселелеріне арналған кеңес өткізді

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Астанада салынып жатқан құрылыс нысандарын аралап, қаланың даму мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының қатысуымен кеңес өткізді.

Атап айтқанда, Серік Ахметов классикалық опера және балет театрының, Талдыкөл сарқынды су жинақтау қоймасының, «Абу Даби Плаза» көпсалалы кешенінің, Қазақстан тарихы мұражайының, «Мыңжылдық» аллеясы» тұрғын үй алабының құрылыс барысымен танысты. Сондай-ақ, Премьер-Министр «Тұлпар-Тальго» ЖШС зауытында болып, жолаушылар вагондарының өндірісін аралап көрді.

Құрылыс нысандарын аралап болғаннан кейін Премьер-Министр Елорданың даму мәселелері бойынша қала әкімдігінде кеңес өткізді. Кеңесті ашқан Серік Ахметов «Астананың дамуы, әрбір ғимараттың құрылыс сапасы Мемлекет басшысының ерекше назарында тұрғанын» атап өтті. «Ағымдағы жылдың 11-ші сәуірінде Елбасы Астана дамуы бойынша үлкен кеңес өткізіп, Үкіметке және қала әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.

«Біз бүгін сіздермен осы мәселені талқылау үшін жиналып отырмыз»-деді С.Ахметов. 

Мәжілісте Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов қала дамуына қатысты Елбасы тапсырмаларының орындалу барысы және Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы баяндады.

Серік Ахметов әлеуметтік нысандардың құрылысын жоспарлау кезінде мемлекеттік-жеке меншік серіктестік институтына көңіл бөлуді тапсырды. «Біз бюджеттің есебінен ешқашан білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салып үлгермейміз. Бұл мәселе мемлекеттік-жеке меншік серіктестік шеңберінде шешілуі тиіс. Ынталандыруға ықпал ете алатын мемлекеттік тапсырыспен байланысты өте тиімді тетіктер бар. Бұл мәселе ерекше бақылауда болады. Жыл соңына таман біз жобалық қаржыландыруға, оның ішінде әлеуметтік нысандарды қаржыландыруға қатысты заңдарға бірқатар өзгерістер енгізуіміз керек»,-деді үкімет басшысы.

Сонымен қатар, Премьер-Министр көші-қон мәселесіне де назар аударды. «Қала қарқынды дамып келеді. Сондықтан көші-қон мәселесіне көңіл бөлу керек. Бұл қала маңындағы аумақтарға да қатысты. Бұл мәселелердің барлығы, оның ішінде қала маңындағы аумақтардың қалаға, атап айтқанда Алматы қаласының маңындағы аумақтардың қосылу тәжірибесі есепке алына отырып, кешенді түрде қаралуы тиіс «Өсу нүктелерін» дамытуға қатысты Елбасы тапсырмаларын іске асыру аясында біз шоғырландыруға қатысты үлкен бағдарлама дайындап жатырмыз. Бұл «бес өсу нүктесі», оның ішінде Астана мен Алматы да бар», деді С.Ахметов.

Үкімет басшысы Астананың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын да адап өтті. «Дағдарыстың қаупіне қарамастан қол жеткізілген деңгейді нығайта түсу керек. Астанада, бұл орайда, мүмкіндіктер де, әлеует те жеткілікті. Біздің алдымызда қаланың дамуына қатысты Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын түгел орындау міндеті тұр. Астанада ұсақ-түйек болмауы тиіс», деді С.Ахметов.

Астана әкімдігінің алдындағы міндеттерге тоқталған Премьер-Министр «елордағы бюджеттік емес инвестицияларды тартудың қажеттілігіне» назар аударды. «Астанаға шетелдік инвестицияларды тарту үшін ынта да, жағдай да жетерлік», деді үкімет басшысы.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр уәкілетті органдарға «азық-түлік белдеуін дамыту, ірі құрылыс нысандарын аяқтау, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салуға» қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу