Премьер-Министр БҚО-да өндіруші компаниялар төңірегіндегі салалас өндірістерді дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында салалас өндірістерді дамыту және ірі өндіруші компаниялардың төңірегіндегі қызметтер мен жұмыстарды жетілдіру мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Отырысты ашқан С.Ахметов өндіру саласын тиімді пайдалану, өнімділікті арттыру және салалас өндірістерді дамыту мәселелерінің Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында екенін айтты.

Сонымен, индустриалдық-инновациялық бағдарламалар шеңберінде мұнайгаз саласында жалпы сомасы 2,4 трлн. теңге болатын 31 жоба жүзеге асырылуда.

С.Ахметовтың айтуынша, «отандық өндірісті дамыту жергілікті мазмұнды арттыруға түбегейлі ықпал жасайтын және оның төңірегінде шағын және орта кәсіпорындар құруға әсер ететін ірі компаниялармен тығыз байланыс орнату жолымен іске асырылуы керек».

Соңғы бірнеше жылда елімізде көліктік машина жасау сияқты жаңа салалар пайда болып, мұнайгаз машиналарын жасау қарқынды дамып, химиялық кластер қалыптасып жатқанын айтқан, С.Ахметов «алайда, мұнай сервисі өндірісін толыққанды дамыту үшін әлі көптеген жұмыстар алда тұрғанын» атап көрсетті.

Талқыланған тақырып бойынша ҚР мұнай және газ министрі С.Мыңбаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Н.Ноғаев, «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Л.Қиынов, «Атамекен» Одағы» ҰЭП басқарма төрағасы А.Мырзахметов, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ атқарушы директоры Т.Аблаев, ірі өндіруші компаниялардың басшылары мен отандық тауарлар өндірушілер, жұмыстар мен қызметтер өкілдері сөз сөйледі.

Талқылауды қортындылай келе, С.Ахметов мұнайгаз секторында оң серпін байқалатынын атап өтті. Табиғат пайдаланушылардың жергілікті мазмұнды тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу көлемі 2012 жылы 187,4 млрд.теңгеге артқанын, отандық зауыттарға тапсырыстардың 47,9 млрд.теңгеге дейін өскенін, 200 ден астам отандық кәсіпорындардың өз тауарларын өндіруші компанияларға өткізуді жолға қойғанын, айтқан Премьер-Министр «тұтастай алғанда, отандық өнімнің үлес салмағы нарықта әлі төмен болып тұр», - деп атап айтты.

Осыған байланысты Үкімет басшысы мұнайгаз кен орындарын игеру индустриясын дамытуда әлемдік озық тәжірибені қолдану қажеттігіне тоқталды. Ол ірі өндіруші компанияларды қазақстандық өндірушілермен қоян-қолтық жұмыс істеуге, ұзақ мерзімді келісімдер жасау тетігін кеңінен қолдануға шақырды.

Бұдан басқа, мемлекеттік органдарға мұнай сервисі, мұнайгаз машиналарын жасау салаларын кадрлармен қамтамасыз ету мәселелерін шешу бойынша кешенді тәсіл ұйымдастыру тапсырылды.

«Мұндай компаниялардағы білікті мамандардың көпшілігі шетелдіктер болып отыр. Бұл жағдайды түбегейлі өзгерту керек, халықаралық стандарттар талаптарына сай отандық мұнай сервисін дамыту қажет», - деді С.Ахметов.

С.Ахметов мұнайгаз саласындағы отандық бизнесті дамыту, іскерлік климатты жақсартуда жергілікті атқарушы органдардың рөлі айрықша екенін атап өтті.

«Әкімшіліктер бизнес инфрақұрылымдарын құруға белсенді қатысуға, маман дайындауға атсалысуға, табиғат пайдаланушы компанияларының қажетін өтейтін кәсіпорындар орналасатын индустриалды аймақтарды дамытуға тиіс», - деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Кеңесті қортындылай келе, С.Ахметов Батыс Қазақстан облысының Индустрияландыру картасы, «Бизнестің жол картасы-2020», «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламаларын жүзеге асыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы нәтижелерін айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу