Премьер-Министр Еуропалық Комиссияның Төрағасы Жозе Мануэл Баррозумен кездесу өткізді

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Еуропалық Комиссияның Төрағасы Жозе Мануэл Баррозумен кездесу өткізді.

Кездесу барысында олар қазақстандық-еуропалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерінің кең ауқымын талқылады, сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібі бойынша пікір алмасты.

«Еуропалық одақпен байланысымыз стратегиялық артықшылықтардың бірі және солай болып қала береді», - деді белсенді ынтымақтастыққа мүдделік танытқанын басып айтқан С.Ахметов.

Өз кезегінде Еуропалық комиссияның басшысы өзара қарым-қатынастардың барлық спектрі бойынша байланыстарды одан әрі тереңдетуге қатысты пікірін білдірді.

Кездесудің басты мәселелерінің бірі Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісімді талқылау болды. Екі жақ аталған құжатты дайындау жұмысына ықпал етуге келісті. ҚР Үкіметі Басшысының пікірінше, Келісім Қазақстан мен ЕО-тың өзара қарым-қатынасын сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

Оған қоса, С.Ахметов және Ж.М.Баррозу республиканың Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру перспективаларын талқылады.

«Қазақстан Үкіметі ДСҰ-на кіруге қатысты келіссөздерді қолдағаныңыз үшін Сізге алғыс білдіреді. Қазақстан қиын жолдан өтіп, жақын арада осы Ұйымға кіреді деген үміттеміз», - деді С.Ахметов.

Өз тарапынан Ж.М.Баррозу «Еуропалық одақ, Еуропалық комиссия Қазақстанның ДСҰ-на кіруге талпынысын қолдауды жалғастыратынын» мәлімдеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу