ҚР Премьер-Министрі А. Мамин және ЕҚҚДБ президенті С. Чакрабарти ҚР денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту туралы құжатқа қол қойды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Лондон қаласына жұмыс сапары аясында Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) президенті Сума Чакрабартимен кездесу өткізді. 

«Қазақстаннның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚҚДБ-мен ынтымақтастыққа зор көңіл бөледі. Өткен 27 жылда ЕҚҚДБ-ның Қазақстанға инвестициялар көлемі 260-тан астам жобада $9 млрд-тан асты», - деді А. Мамин.

Келіссөз қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі мен ЕҚҚДБ арасында Қазақстанда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртудың Кешенді бағдарламасын іске асыру жөніндегі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. 

«Қазақстанда  2020–2024 жылдарға арналған денсаулық сақтаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа көпсалалы ауруханалар салынады. Біз ЕҚҚДБ-ның денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысуын қолдаймыз», - деді А. Мамин.

Өз тарапынан, ЕҚҚДБ президенті Сума Чакрабарти ҚР денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыруға қызығушылық білдірді. 

Үкімет басшысы ЕҚҚДБ-ның Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы ірі жобаны - Үлкен Алматы автомобиль айналма жолын (ҮАААЖ) іске асыруға қатысуының маңыздылығын атап өтті. 

Тараптар Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, жаңартылатын энергия көздері және т.б. салаларда мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру бойынша екіжақты ынтымақтастық перспективаларын талқылады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу